АЛЕКСАНДР ЦОЙ: ДӘРІГЕРЛЕР БІРТІНДЕП ӘДЕТТЕГІ ЖҰМЫС РЕЖИМІНЕ КӨШУДЕ

Өткен аптада еліміздің Денсаулық сақтау министрі болғанына бір ай енді асқан Александр Цой бірнеше жағымды жаңалықтармен бөлісті.

 

Ведомства басшысы аптаның сейсенбісінде онлайн форматта өткен Үкімет отырысында Қазақстан бойынша коронавирус індетінен емделіп шыққандардың саны 60 пайызға көбейгенін айтты. Ауруды жұқтыру мен адам өліміне байланысты ахуалдың тұрақталғанын мәлімдеді. Оның сөзінше КВИ жұқтыру бойынша күн сайын 1500-1600 науқас анықталуда екен. Соңғы екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Сонымен қатар өңірлерде жедел жәрдем қызметінің жүктемесі азайып, шақырулар 23 пайызға кеміген. Эпидахуалдың дәл бұлай тұрақталуын ол өзінің ұсынымен енгізілген екі апталық қатаң карантиндік режиммен де тығыз байланыстырды. Соңғы жексенбіде де ол дәрігерлердің біртіндеп әдеттегі жұмыс режиміне көшіп жатқанын хабардар етті.

Айтпақшы, Александр Цой кешегі сейсенбіде коронавируспен күрес үшін республикалық бюджеттен 42 млрд. теңге бөлу қажеттігін мәлімдеді. Ол бұл қаржы тек ПЦР-тест үшін сұралып отырғанын жеткізді. Қыруар қаржының ішінде 170 млн. теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертханалық 67 маманның іс-сапарларына жұмсалатынын айтты. Бір қызығы осы онлайн форматта өткен жиында ведомства басшысы сұратылып жатқан 42 млрд. теңге бюджет есебінен өңірлерге іс-сапарларға шығатын мамандардың автокөлікпен жүріп тұруын облыс әкімдері қамтамасыз етуі шарт екенін шегеледі. Сонымен қатар ауыл аймақтарға материалды жеткізу үшін кететін шығынды да жергілікті басшылар өз қалталарынан төлеуі тиіс екенін айтты.

Сонда 67 маманның іс сапарларындағы жол жүрісінің шығыны жергілікті жердегі әкімдіктердің есебінен жүргізілетін болса, 170 млн. теңге қаржы қандай мақсатқа жұмсалады?