ҚОҚЫС ТАСТАҒАНДАРМЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ

Елімізде қоқыс мәселесіне қатысты мәселе қордаланып кеткені қашан. Қазіргі таңда республикада қоқыс полигондарына жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 120 млн. тоннаға бір-ақ жеткен. Жыл сайын олардың көлемі 4,5-5 миллион тоннаға ұлғайып отырады. Өкінішке орай, елімізде ол қалдықтардың тек 10-15 пайызы ғана қайта өңделеді.

Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80-90 пайызды құрайды. Қоқыстарды қайта өңдеу туралы мәселе талай рет көтеріліп, айтылып келгенмен, бұл бағыттағы жұмыс әлі күнге дейін бірізге түспей келеді.

Тағы бір мәселе ол күл-қоқыстарды рұқсат етілмеген жерлерге тастауды қалыпты жағдай деп қабылдайтындардың күрт көбейіп бара жатқаны болып тұр. Әлеуметтік жауапкершіліктен жұрдай азаматтардың мұндай жауапсыздығымен күрес жүргізу мақсатында елімізде жедел желі іске қосылды.

Еліміздің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасовтың айтуынша +7 775 952 49 00 ұялы телефонына қосылған жедел желіге еліміздің кез келген азаматы өзі куә болған қоршаған ортаны ластау мен қоқыс тастаған оқиғаны фото-видео дәлелімен қатар, қай өңірде және қашан болғаны туралы деректі жіберу мүмкіндігіне ие болады.

Жедел желі іске қосылған 3 күннің ішінде азаматтардан түрлі бағыттағы 360 хабарлама келіп түскен. Желіге қоқыс-қалдық тастау және табиғатты ластауға қатысты келіп жеткен шағымдардың көпшілігі Ақмола, Алматы, Ақтөбе және Түркістан облысы тұрғындарынан келіп түскен.

Жұмыр жерді былғауды ар санамайтын жауапсыздардың әрекетіне тоқтау салатын бұл шараға Сіз де қатысып, өзіңіздің азаматтық белсенділігіңізді көрсетуге асығыңыз.