ҚҰРБАНДЫҚ ҚАШЫҚТАН ШАЛЫНАДЫ

 

Осы жылғы Құрбан айт мерекесі 31-шілде мен 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Елімізде енгізілген карантин тәртібіне байланысты барлық мешіттер уақытша жабылғаны белгілі. Осыған байланысты биыл мешіттерде құрбан айт намазы оқылмайтын болды. Тиісінше құрбандық шалу да жылдағыдай жүргізілмейді. Карантин жағдайларына негізделе отырып, оның ережесі өзгертілді.

 

Соған сәйкес елімізде Qurban2020.kz сайты іске қосылды. Құрбандық шалуға ниет еткен азаматтар уәжіп амалды орындауы үшін аталған сайт арқылы тапсырыс жасайды. Қашықтан шалынған құрбандықтың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады. Қазақстандықтар үшін тосын жаңалық болған онлайн-құрбандық туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

– Бүгінде қашықтан құрбандық шалу тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде қалыпты амал болып табылады. Және ол жыл сайын осылай сайт көмегімен қашықтан жасалады. Бұл жаңашылдықты біз енді карантин енгізілген соң қолға алып отырмыз. Онлайн-құрбандық кезінде сойылған малдың барлық еті мұқтаж жандарға таратылады. Яғни бұрынғыдай ағайын-туыс, көрші-көлемді шақырып дастархан жаю үшін құрбандық шалған адамға сойылған мал етінің үштен бір бөлігі берілмейді,-деді.

Сонымен қатар ол аталған сайт арқылы құрбандыққа сойылатын малға тапсырыс беру кезінде малды таңдау, қасапшының қасында барлығын қадағалап тұру сынды әрекеттер болмайтынын ескертті. Және де бас мүфти сатушыларды мал бағасын қымбаттатпауға шақырды. Ал қасапшылар өз қызметі үшін көп ақша сұрамайтынына сенім білдіретінен жеткізді.

Өз кезегінде Наиб мүфти Ершат Оңғаров интернетке қосылмаған ауылды жерлерде азаматтар құрбандық малын өз ауласында шала беруі болатынын айтты. Бірақ құрбандыққа шалынатын қой малы бір жастан асқан болуы керектігін, алты айдан асқан тоқтылар ғана жарайтынын ескертті.

Құрбандық шалуға онлайн тапсырыстар 30-шілдеге дейін қабылданады. Ол үшін не істеу керек? Ең алдымен Qurban2020.kz сайтына кіру батырмасын басу қажет. Сол кезде экранға шыққан «Құрбандық малын шалу үшін тапсырыс беру» деген қадамына өтесіз. Содан соң өзіңіз туралы сұратылған мәліметтерді арнайы жолға толтырасыз. Шалынған мал туралы фото және бейнеесеп алғыңыз келсе оны да белгілеп, WhatsApp желісі қосылған телефон нөміріңізді көрсетесіз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбандыққа шалынған мал еті ауқатты және мұқтаж емес адамдарға таратылмайтынын жеткізді. Құрбандық етін алу үшін азаматтар Qurban2020.kz сайтында өтініш қалдыру қажет. Ол үшін алдымен «Құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру» батырмасын басып, сұратылған жеке мәліметтерді енгізу керек.

Құрбандық етін мұқтаж адамдардың үйіне дейін жеткізіп беруге еріктілер тартылады. Бұл шаралар кезінде барлық санитарлық талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі.