ҚЫСҚЫ ДӨҢГЕЛЕКТІ АУЫСТЫРМАҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ҚАНША АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ?

Күздің қара суығы басталғаннан-ақ әрбір көлік иесінің алдында көлікті қысқы маусымға дер кезінде дайындау міндеті тұрады. Қарашаның ызғары сезілгеннен жүргізушілерге алғашқы аяз бен көктайғақты күтпей, темір тұлпарларын алдын ала қамдау ұсынылады. Ал бұл талаптар сақталмаса, салдары қандай болмақ?
Қостанай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция тобының инспекторы Динара Нұрғалиеваның айтуынша, Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап ақпан айының соңына дейін жеңіл автокөліктердің қысқы дөңгелексіз жүруіне заңмен қатаң тыйым салынады. Ең бастысы, қысқы дөңгелек көліктің тек екі дөңгелегіне емес, барлық дөңгелегіне теңдей орнатылуы тиіс.
Тәртіпке бағынбағандар үшін құқықтық жауапкершілік те қарастырылған. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін автокөлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мәселен, 2026 жылы белгіленген ресми мерзімде қысқы шиналарды пайдаланбағаны үшін салынатын алғашқы айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішті, яғни 21 625 теңгені құрайды. Ал егер құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, жаза қатаңдатылып, айыппұл мөлшері бірден 20 АЕК-ке, яғни 86 500 теңгеге дейін өседі. Мұндай талаптар ең алдымен жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігі үшін енгізіліп отыр. Полиция өкілдері көлік иелерін алғашқы қар мен көктайғақты күтпей, дөңгелектерді уақытылы ауыстыруға, жол жүру ережесіндегі жылдамдық режимін қатаң сақтауға және арақашықтықты ұстауға шақырады.




