КЕЙІНГІ ҮШ ЖЫЛДА 7 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН

Қазіргі таңда қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, олардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу тақырыбы болып отыр. Осы орайда, жуырда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің маңызды отырысы өтіп, онда өскелең ұрпақтың болашағына қатысты қауіпсіздік шаралары жан-жақты талқыланды.
Жиында келтірілген ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылдың ішінде елімізде кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған, олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар қатарына жатады. Аталған кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталып, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебіне алынған. Тек биылғы жылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен көрінеді. Осы келеңсіздіктердің бәрі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, қорқытулардың, суицид пен нашақорлықтың жолын кесу, балаларды қорғаудың бірыңғай жүйесін түбегейлі жетілдіру қажеттілігін көрсетіп отыр.
Алқалы жиынға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, Президенттің көмекшісі Елдар Толғанбаев, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы облыс прокурорлары мен әкімдері қатысты. Кеңес барысында Бас прокуратураның департамент бастығы Дәулет Ақылбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді ортаға салды. Балаларды қорғаудың нақты практикалық тетіктерін талқылау барысында Динара Закиева қайталанған анықтау жағдайларын қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін ерекше атап өтті. Оларды жеке сүйемелдеу және әрқайсысына дер кезінде қолдау көрсету мақсатында отырысқа қатысушыларға «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген «BALAZHAN» бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды. Бұл жүйе орталық деңгейде де, өңірлерде де анықталған әрбір баланың жағдайын, туындаған проблемалардың себептерін және көрсетіліп жатқан қолдау шараларын жіті бақылауға мүмкіндік береді.
Жиында сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу және цифрлық құралдар арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау мәселелері қаралды. Осы орайда, Бас прокуратура қауіп-қатерлерді дер кезінде табу үшін «AiMap» IT-жүйесін сынақтан өткізді. Бұл жүйе есірткі сататын күдікті интернет-ресурстарға тұрақты түрде кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға жол ашады. Цифрлық жаңалықтармен қатар, жергілікті жерлерде практикалық жобалар да сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында небәрі 10 айдың ішінде 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылды. Түнгі уақытта жүргізілген тексерістер кезінде ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталып, тиісті шаралар қабылданды, ал кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан 304 кафенің лицензиясы кері қайтарылды. Осындай кешенді шаралардың арқасында жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7 пайызға төмендегені байқалады.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары лауазымы енгізіліп, бұл тәжірибе өте жоғары нәтиже көрсетті. Аталған жаңалықтың арқасында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 24,7 пайызға, жасөспірімдердің өздері жасаған құқық бұзушылықтар 3,4 пайызға, ал жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар 54,5 пайызға азайған. Осы оң тәжірибені бүкіл республика көлемінде таратып, кеңейту ұсынылды. Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық профилактика жұмыстарын күшейтуге бағытталған нақты міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне буллингті, суицидтік тәуекелдерді және өзге де қауіп-қатерлерді ерте анықтау бойынша үйлестіруші рөлді бекіту, пролактикалық жұмыстың көрсеткіштерін әкімдердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу, сондай-ақ 111 байланыс орталығы арқылы кәмелетке толмағандарға берілетін құқықтық көмек мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды. Жиын соңында Бас прокурор «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын ілгерілету аясында әлеуметтік желілерде балалар мен жастарға арналған пайдалы білім беру контентін әзірлеп, таратудың аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыру қажеттігіне баса назар аударылды.




