ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ 2027 ЖЫЛДАН БАСТАП 110 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН КӨТЕРІЛЕДІ

Елімізде халықтың тұрмысын жақсартуға және экономиканы ілгерілетуге бағытталған ауқымды өзгерістер легі басталады. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин алдағы кезеңде атқарылатын маңызды реформалар мен жаңа бастамаларды жұртшылыққа жария етті.

Жиында көтерілген басты жаңалықтың бірі — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтерілетін болды. Вице-министрдің айтуынша, бұл халықтың табысын арттыру мақсатында экономиканың тұрақты сапалы өсуі мен инфляцияның төмендеуі есебінен жүзеге асырылады. Тиісті қаржыны бекіту және бөлу мәселесі келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетте толық қарастырылмақ. Ал елімізде инфляцияны одан әрі ауыздықтау үшін тарифтік саясатпен қатар бағаның өсуін тежейтін қатаң шаралар күшейтіледі. Бизнес пен кәсіпкерлікті қолдау бағытында да бірқатар серпінді қадамдар жасалмақ. Мәселен, кәсіпкерлерді ірілендіруді ынталандыру мақсатында арнайы орта бизнесті дамыту жоспары әзірленеді. Бұл құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңғырту және бизнеске түсетін әкімшілік қысымды бәсеңдету тетіктері нақты көрсетіледі. Оның үстіне, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар, халықтық цифрлық экономиканы құру аясында мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстер, банктер және логистика салаларын қоса алғанда, барлық цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктірілетін болады.
Салық заңнамасын жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда бизнес-қоғамдастық өкілдерінің орынды ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне енгізілетін нақты өзгерістер пакеті дайын тұр. Мұнда халықаралық тәжірибені терең талдау негізінде ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған салық мөлшерлемесін енгізу мәселесі де қарастырылуда. Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мен бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау тәсілдері де жаңартылмақ. Орынсыз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін озық жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасын тауып, 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға әзірленген тиісті түзетулер Құрылтайдың қарауына енгізіледі. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингіне де инвестициялық саясат саласында қосымша функциялар жүктеу көзделіп отыр. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау туралы айта келе, Азамат Әмрин алдағы уақытта мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін арттыруға, цифрландыруға және жасанды интеллектімен өзара іс-қимыл жағдайында жұмыс істеуге бейімделуге басымдық берілетінін қадап айтты. Осы мақсатта құқықтық және қаржылық сипаттағы қажетті шаралар қабылданып, жаңа экономика талаптарына сай келетін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспары түзілетін болады.