ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысына Қытай Халық Республикасынан арнайы келген делегацияны облыс әкімі Нұралхан Көшеров ресми түрде қарсы алып, өңірдің экономикалық және индустриалдық әлеуетімен таныстырды. Шетелдік меймандар облыстағы өндірістік аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарды аралап, түрлі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Кездесу аясында екіжақты іскерлік келіссөздер өтті. Онда тараптар Қазақстанның энергетика және тау-кен өндіру салаларын зерттеу, логистикалық парктердің мүмкіндіктерін қарастыру, сондай-ақ Түркістан облысында бірлескен қойма немесе сауда өкілдіктерін құру мәселелерін талқылады. Қытайлық инвесторлар өз жобаларын ұсынып, ықтимал серіктестік бағыттарын нақтылады. Облыс басшысы өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырып, Қытай тарапының ынтымақтастыққа қызығушылық білдіруін жоғары бағалады. Ол Түркістан облысының көлік-логистика тұрғысынан стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Өз сөзінде «Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, берік негізде қалыптасуда. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына сапарым барысында өзіңізбен кездесіп, бірқатар жобаны іске асыру жайын талқылаған едік. Сіздің бүгінгі сапарыңыз Ухань қаласында басталған конструктивті диалогтың және өзара сенімге негізделген серіктестіктің нақты жалғасы деп білемін. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Өңіріміз тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін логистикалық торап ретінде қалыптасуға толық әлеуеті бар. Бұл ретте, авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын орналастыру, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын ашу, өңірде заманауи логистикалық парктер құру, жүк сақтау, сұрыптау, тарату және қайта өңдеу бағытындағы инфрақұрылымды қамтитын кешенді бірлесіп дамытуға дайынбыз. Бұдан бөлек, бірлескен индустриалды аймақты құру екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиімді екенін атап өткен жөн. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік серіктестік құруға, ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастық орнатуға әзірміз» деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында әкімдік тарапынан барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетіні де атап өтілді. Қытай делегациясының екі күндік сапары аясында меймандар Түркістан қаласындағы құрылысы жүріп жатқан мақта зауытына барып, жобамен танысты. Бұдан бөлек, Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен де танысып, инвестициялық жеңілдіктер туралы ақпарат алды. Сапар соңында делегация Түркістан қаласына экскурсия жасап, өңірдің тарихи және мәдени нысандарын аралады. Бұл сапар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жаңа серіктестік көкжиектерін ашуға бағытталған маңызды қадам болды.