ПОЙЫЗДАРДА ЖОЛАУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІ БОЛАДЫ

бұл қызметке ақы алына ма?
Үкімет отырысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету және теміржол саласын толық цифрландыру бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады.
ҚТЖ басшысының айтуынша, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылығын арттыру мақсатында пойыздарға интернет қосу жұмыстары аяқталды. Бүгінде 51 бағыттағы 108 пойыздың 1 500-ден астам вагоны заманауи «Starlink» спутниктік интернетімен жабдықталған. Бұл қызметті жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушы пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Транстелеком» компаниясымен бірлесіп жолаушыларға интернет қызметін ұсынудың нақты шарттары пысықталуда. Әрі қуантарлығы, Aitu, WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде мәтіндік хабарламалар алмасу, сондай-ақ жолаушыларға арналған сервистік ақпаратты алу мүлде тегін ұсынылады. Сонымен қатар Елжас Отыншиев жалпы саладағы цифрлық жүйені дамыту бағытына да тоқталды. Оның сөзінше, бұл жүйе жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастырудан бастап, пойыз қозғалысын басқару, жүкті тиісті жеріне жеткізу және жолаушыларға қызмет көрсетуге дейінгі барлық процесті түгел қамтиды. Негізгі мақсат – жекелеген процестерді бөлшектеп цифрландырумен шектелмей, барлық тасымалдау процесін өзара тығыз байланысқан бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру.
Жүйенің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін магистралдық теміржол желісінде LTE-R технологиясы негізінде ҚТЖ-ның жеке төртінші буын байланыс желісі құрылады. Мұндай LTE-R желісі пойыз қозғалысын дәл басқару, қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету және техникалық қызмет көрсету үшін деректерді іркіліссіз жеткізуге мүмкіндік береді. Ауқымды жоба 16 000 шақырымнан астам магистралдық теміржол желісін қамтиды. Екі кезеңде жүзеге асатын жоба аясында шамамен 2 800 базалық станция орнату жоспарланған. Ал ТрансҚазақстан теміржол желісі мен Астана – Алматы бағытын қамтитын бірінші кезең 2027 жылы толық аяқталады. Мамандардың есептеуінше, бұл тасымалдау процесінің тиімділігін бірден 10-15 пайызға арттыруға мүмкіндік бермек.




