«ТҰРАН СУ» МЕКЕМЕСІНІҢ ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында су шаруашылығын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің «Тұран су» мекемесіне жасаған жұмыс сапары барысында көрініс тапты. Ол мекеменің өндірістік-техникалық базасын аралап, техникалық әлеуетімен танысып, жаңа өндіріс алаңының құрылысымен танысты.

«Тұран су» мекемесі — өңірдегі су жүйелерін басқару мен күтіп-ұстауға жауапты негізгі мекемелердің бірі. Қазіргі таңда оның теңгерімінде 81 арнайы техника бар. Бұл техникалар 2 гектар аумақта орналасқан өндірістік база аясында қызмет көрсетіліп, жөндеуден өтеді. Осы базаның жұмысы үздіксіз техникалық қолдауды қамтамасыз етіп, су жүйелерінің уақытылы тазалануы мен жөнделуін жолға қоюға мүмкіндік береді. Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары параболалық лоток шығаратын жаңа өндіріс алаңын да аралады. Қазіргі таңда құрылғылар орнатылып, іске қосу жұмыстары соңғы кезеңге жеткен. Жоба толық жүзеге асқанда бұл өндіріс күніне 30 дана параболалық лоток шығаруға қауқарлы болмақ. Мұндай құрылғылар ағын суды арықтар арқылы шаруаларға шығынсыз және тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам. Себебі судың тиімді әрі ысырапсыз жеткізілуі – егіншілік пен бақша шаруашылығында шешуші фактор.
Нұрбол Тұрашбеков нысанды табиғи газбен қамту және шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Бұл өндіріс орнының үздіксіз жұмыс істеуі мен өңірлік қажеттілікті толықтай өтеуі үшін маңызды. Жалпы Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған бұл бастамалар — ауыл шаруашылығы саласын қолдаудың нақты көрінісі. «Тұран су» мекемесінің техникалық мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және инфрақұрылымдық қолдау арқылы облыс экологиялық тұрақтылықты сақтап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жақындай түседі. Жаңа технологиялардың енгізілуі мен өндірістік қуаттың артуы – Түркістан облысының стратегиялық мақсаттарына жетудегі сенімді алғышарттардың бірі.