ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВКЕ БАҒЫТТАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛДЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Соңғы уақытта Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке бағытталған ақпараттық шабуылдар жиілей түсті. Әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында әкімнің атына түрлі сындар айтылып, алып-қашпа әңгімелер таралуда. Бұл ақпараттық толқынның астарында не жатыр? Жай ғана қоғамдағы пікір алуандығы ма әлде нақты бір мүдделі топтардың ұйымдасқан әрекеті ме?

Әлеуметтік әділеттілік пен заңды сақтау – кез келген жергілікті билік өкілінің басты міндеті. Ғабит Сыздықбеков басшылыққа келгелі бері қаладағы заңсыздықтарға қарсы жүйелі күрес басталды. Әсіресе, жекенің меншігіне заңсыз өткен нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша батыл қадамдар жасалуда. Бұл – бір жағынан, қоғам алдындағы әділеттілікті қалпына келтіру болса, екінші жағынан, мемлекеттік мүлікті қорғауға бағытталған заң шеңберіндегі әрекет.
Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерлік нысандарға жүргізілген кешенді талдау жұмыстары. 3 мыңнан астам бизнес субъектісінің қызметіне жасалған тексеру нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлердің табыстарын жасырып келгені анықталды. Бұл – бюджетке түсетін салықтан жалтару ғана емес, әділ нарық заңдылықтарын бұзу. Осындай жағдайлардың анықталуы – қала экономикасының көлеңкелі тұстарын жарыққа шығару үшін қажет болғаны сөзсіз. Бір қарағанда, жоғарыда аталған бұл екі мәселе – мемлекеттік мүліктің заңсыз жекешеленуі мен кәсіпкерлік саласындағы көлеңкелі табыстар – бір-бірімен байланыссыз көрінуі мүмкін. Алайда тереңірек үңілсек, ортақ желі айқындала түседі.
Шын мәнінде, мемлекеттің ресурсын заңсыз иеленіп, салықтан жалтарып, байлыққа оңай жолмен қол жеткізуді көздейтіндер үшін заң үстемдігі мен ашық басқару қауіпті. Осы тұста «әкімнің атына бағытталған ақпараттық шабуылдар мүдделі топтардың ықпалын жоғалтпауға деген талпынысы ма?» деген заңды сауал санамыздан сығалайды. Ғабит Сыздықбековтың бастамалары біреулерге ұнамауы мүмкін, бірақ қала тұрғындары үшін әділдік, тәртіп және даму – басты құндылық. Сондықтан қоғам ашықтықты талап етіп отыр. Сол жолда күрес жүріп жатыр. Ақпараттық шабуылдардың артында кім тұрғаны әзірге белгісіз, бірақ мәселенің түп-төркіні – өзгерістерге қарсыласу екені анық.

«Уақыт».