АЗАМАТТЫҢ АБЫРОЙЫН АТҚАРҒАН ІСІ АЙҚЫНДАЙДЫ

Серік Мамытов
Жетісай ауданының әкімі атанғалы қандай өзгерістер болды?
Қоғамда әр адамның орны мен беделі оның сөзімен емес, нақты атқарған ісімен өлшенеді. «Азаматтың абыройын атқарған ісі айқындайды» деген сөздің астарында терең мағына жатыр. Бұл – құр уәде мен даңғаза сөз емес, шынайы еңбек пен нақты нәтиже ғана адамның қадір-қасиетін көрсететінін білдіреді. Сөз бен істің арасында алшақтық болмауы – нағыз тұлғаның белгісі. Ісің адал, мақсатың айқын болса, халық сені әрқашан құрметтейді. Сондықтан әрбір адам абыройлы болғысы келсе, ең алдымен ісімен елге үлгі болуы тиіс. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Соңғы жылдары елімізде билікке кейінгі жас буын араласып, қабілеті мен білімін қоғамның дамуына жұмсап жүр. Оларға бүгінде бірқатар маңызды міндеттер жүктелген. Солардың бірі – қазіргі уақытта Жетісай ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Серік Мамытов.
Жалпы Жетісай – еліміздің күнгейінде орналасқан маңызды аудандардың бірі. Халық тығыз қоныстанған өңірдің өзіне сай мүмкіндігі де, мәселесі де жеткілікті. Ризығын жер анадан тапқан жергілікті тұрғындардың аудан басшысына қояр талабы да қатаң. Бүгінде Серік Үсенұлы осы бір ауқымды міндет, жоғары жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді десек, артық айтпаған болар едік. Осыдан 3 жылдай уақыт бұрын ауданға әкім болып келгенде «Қаланың баласы ауыл шаруашылығы саласына тікелей тәуелді ауданды қалай басқарады?» деген күдікпен республикадағы ең жас аудан әкімінің іскерлігі мен қабілетіне сенімсіздік танытқандар аз болмады. Десек те уақыт өте күдікпен қарағандар қолдаушыға, тілекшіге айналды. Оған себеп те жоқ емес.
Біріншіден, сол «қаланың баласы» деп көпшілік мойындағысы келмеген Серік Мамытовтың басшылығындағы аудан соңғы 2 жылда жемісті жылдың жетістіктері баяндалатын ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «AGROFEST TÚRKISTAN» шарасында ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту көрсеткіштерін орындау бойынша облыстағы үздік үштіктің қатарында келеді. Екіншіден, кәсіпкерлік қарқын алған жерде экономикалық өрлеу мен адами капиталдың өсімі болатынын, нарықты тұтынушыларға қажетті, сұранысқа ие тауарлармен қамтамасыз етудің әлеуметтік тұрғыда елдің ахуалының жақсаруына алып келетінін жақсы білетін Серік Мамытов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтар мен берілетін төмен пайызды несиелердің ауқымын кеңейтуге күш салған. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда, яғни, ауданның әлеуетінің артуына 2022 жылы 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге, ал биылғы жылдың 4 айында 9,2 млрд теңге қаржы тартылып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93,2 млрд теңгеге жеткен. Аудандағы қай салада болмасын отандық өнімді дамыту, әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін табиғи, таза өнімдердің құрауы маңыздылығын іске асыру мақсатында индустриялық аймақты іске қосу жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда еліміздің әрбір өңірінде индустриялық даму мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Жетісай ауданында қолға алынған «Жетісай» өңірлік индустриялық аймағы – өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды жоба. Аумағы 59 гектарды құрайтын бұл аймақта қажетті инфрақұрылымдарды жеткізу жұмыстарының алғышарты қаланып жатыр. Бұл – тек болашақтағы өндірістер үшін емес, сондай-ақ жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі қадам. Инвесторлармен келіссөздердің нәтижесінде сүт, мақта өңдеу зауыттары, жіп иіру фабрикасы мен су үнемдеу жабдықтары өндірісі сияқты алты ірі жобаның жүзеге асуы – Жетісайдың индустриялық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. 29,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1083 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар – бұл тек экономикалық көрсеткіш емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Жаңа технологиялардың енгізілуі де еліміздің озық өндіріс бағытындағы беталысын көрсетеді. Бұл бастама – тек Жетісай үшін емес, бүкіл Түркістан облысы мен еліміз үшін маңызды.
Серік Үсенұлы аудан тізгінін ұстағаннан бері бюджеттің кіріс бөлігін арттыру және қосымша кіріс көздерін анықтау басты назарға алынған. Нәтижесінде, аудан бюджетінің өзіндік кірістері 2022 жылы 2,9 млрд теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,7 млрд теңгеге жеткен. Ал өткен жыл қорытындысы бойынша 6,2 млрд теңгеге дейін өсіп, соңғы үш жыл ішінде 2,1 есеге артқаны анықталды. Бұл – ауданның экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мен салықтық түсімдерді басқарудағы табысты жұмыстың дәлелі. 2025 жылдың соңына дейін өзіндік кірістерді 6,5 млрд теңгеге жеткізу жоспары да – нақты көрсеткіштер мен сенімді қадамдарға негізделген мақсат. Экономикалық жетістіктермен қатар, аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Соңғы жылдары қараусыз қалған саябақтар қалпына келтіріліп, ауылдық елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді. 2022 жылы ауданға қарасты 105 елді мекеннің тек 56-сы ғана табиғи газға қосылған болса (53%), 2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 84 елді мекенге жетіп, қамтылу деңгейі 80%-ға өсті. Жыл соңына дейін тағы 8 ауыл көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл – ауыл халқының өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадамдар.
Ауданның көлік инфрақұрылымына да айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы 365,3 шақырым жол желісінің 43,6 шақырымы республикалық, 210,4 шақырымы облыстық, ал 111,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар санатына жатады. Сонымен қатар ішкі көшелердің ұзындығы 918,4 шақырымды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер жол желісінің ауқымын ғана емес, оларға қойылатын жауапкершілік пен жоспарланған жұмыстар көлемін де айқындайды. Елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджеттен қаралған қаржылар есебінен соңғы 3 жылда жалпы ұзындығы 194,68 шақырымды құрайтын 252 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылы жалпы ұзындығы 53,2 шақырымды құрайтын 50 көше асфальтталады деп жоспарланған. Сондай-ақ соңғы 3 жылда ауданда баспанаға мұқтаж кезекте тұрған 257 жетісайлық баспаналы болса, 1954 – 1957 жылдары салынғанымен, соңғы 10 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған қос қабатты 16 көппәтерлі 2 тұрғын үйді бұзып, қайта салуға тиісті қаржы қаралып отыр.
Аудан әкімінің басшылығымен Жетісайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тәуекелі жоғары ағын су тапшылығының алдын алып, өнімділікті арттыру мақсатында тамшылатып суғару әдісін енгізу жұмыстары да қызу жүргізілуде. Отандық агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерінің бірі саналатын ағын суды үнемдеу технологиясы 5041 гектарға енгізілген Жетісай ауданында жыл соңына дейін көрсеткішті 8000 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл — облыс көлеміндегі жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Егістікке қажетті ағын су тапшылығын жоюға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 23 гектар жерде жылыжай шаруашылықтары орналастырылған болса, биылғы жылы тағы 5 гектар жерге жылыжай салынуда. Ал өнім көлемін арттыру мақсатында 1158 гектар жерден бір алқаптан 2-3 өнім алынуда. Мұның жаһандық жылыну процесі мен жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі мен ысырапшылдық сияқты келеңсіздіктердің алдын алуға оң ықпал етері сөзсіз.
Жоғарыдағы жетістіктерді сараласақ, Серік Үсенұлы – сөзден гөрі істі алға қоятын, жауапкершілікті терең сезінетін, халықтың мүддесін бәрінен биік қоятын жетекші. Оның басшылығымен Жетісай ауданы көз алдымызда жаңарып, өзгеріп келеді. Серік Үсенұлының тағы бір ерекшелігі – елмен етене араласып, әр ауылдың мұң-мұқтажын көзбен көріп, көкейге түйіп, нақты шешім қабылдай білуінде. Ол тек кабинеттен басшылық етпей, халықпен бірге тыныстап, әр істің мән-жайына терең үңіледі. Бұл – нағыз көшбасшыға тән қасиет!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.