САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ КЕЛМЕЙТІН ПОЛИГОНДАР РЕТТЕЛУДЕ

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау мәселесі жаһандық деңгейде өткір талқыланып келеді. Соның ішінде, қоқыс полигондарын реттеу – экологиялық тұрақтылық пен халық денсаулығы үшін аса маңызды мәселе. Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі жылдан-жылға артып келеді, ал оны дұрыс басқару – уақыт талабы. Бүгінгі күнде көптеген өңірлерде рұқсатсыз немесе экологиялық талаптарға сай келмейтін қоқыс полигондары экожүйеге орасан зор зиян келтіруде.
Топырақтың ластануы, ауаның улануы, жер асты суларына зиян келуі – осының айқын дәлелі. Мұндай жағдай халықтың денсаулығына кері әсер етіп, табиғи ресурстардың тозуына алып келеді. Сондықтан қоқыс полигондарын жүйелі түрде реттеу, оларды заманауи технологиялармен жабдықтап, қалдықтарды сұрыптап өңдеу – басты міндеттердің бірі. Полигондарды экологиялық стандарттарға сәйкестендіру, жаңаларын салу немесе ескілерін қалпына келтіру арқылы ғана біз қоршаған ортаға тигізетін залалды азайта аламыз. Сонымен қатар халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қайта өңдеу мен қалдықтарды бөлек жинау да осы мәселеде үлкен рөл атқарады. Әсіресе, пластик пен қауіпті қалдықтарды арнайы тәртіппен жинау мен жою – уақыт күттірмейтін шаралар қатарында. Осы орайда, Түркістан облысы аумағында тұрмыстық қалдық тастайтын 128 полигон бар. Оның ішінде 38-і аудандық болса, 41-і ауыл округінде орналасқан. Ал 49-ы сенімгерлік басқаруға берілген. Жалпы полигондар үшін талаптар қарастырлып, қажеттілігі бойынша талдау жасалды. Нәтижесінде полигондардың 70 пайызы санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Яғни, электр энергиясы, су, арнайы қоқыс көмуге арналған шұңқырмен, қоршаумен және тағы басқа қажеттіліктермен жабдықталмаған.
Қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық-экологиялық нормаға сәйкестендіру мақсатында «Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын кезең-кезеңімен ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған сәйкес, 2020-2023 жылдары аудандық бюджет есебінен 16 жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Созақ ауданында Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе ауыл округтеріндегі қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қатты тұрмыстық полигондарды оңтайландыру мақсатында Түлкібас ауданында 8, Отырар ауданында 16 полигон жабылып, жерлері жер қорына өткізілді.