ҚОРДАҒЫ ЖИНАҚ ҚОЗҒАЛМАУЫ ТИІС ПЕ?

Пандемияға байланысты қазақстандықтардың көп тұрғыны тұрақты табысынан айырылып отыр. Осындай экономикалық қиын жағдайды бастан кешіп жатқан кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшыларына өз жинақтарының 10 пайызы табысталуы тиіс.

 

Жуырда БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңесі төрағасы Евгений Сейпульниктің бұл бастамасы елде қызу талқыланғанмен, оны кеңес мүшелерінің барлығы бірдей қолдамады.

Заңгер зейнетақы қорының 10 миллион салымшысының жинақталған қаржысының 10 пайызын алуға мүмкіндік беру дәл қазіргі қиын жағдайда адамдарға зор қолдау болатынын алға тартуда. Ол мұндай қолдауды пайдалану немесе пайдаланбау әрбір адамның өз еркінде болуы тиістігін де тілге тиек етті. Бұл туралы ол «Қордағы барлық салымшылар жинағының 10 пайызы 1,7 трлн. теңгені құрайды. Қазіргідей індет өршіп, халықтың кірісі айтарлықтай төмендеген шақта азаматтарға қордағы ақшасының 10 пайызын алу мүмкіндігін беру қажет. Бұл азаматтардың қорға деген сенімін нығайтады»,- деді.

Халық ішінде Сейпульниктің бұл сөзін қолдағандар да жетерлік. Сонымен қатар   көп жылғы бейнеттің зейнеті үшін жиналып жатқан қаржыны қозғау дұрыс емес дегендер де бар. Ал БЖЗҚ пандемияға байланысты туындаған әлеуметтік проблемалар қор жинағының есебінен шешілмейтінін алға тарта отырып,  «Зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстар азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік шығыстар және жалпы экономика үшін қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді салдарын ескере отырып есептеулер мен бағалау жасауды  талап етеді. Евгений Сейпульниктің ұсынысы оның жеке пікіріне негізделіп, қажетті дәйектемелер ұсынылмағандықтан, БЖЗҚ қоғамдық кеңес оның әлеуметтік желілерде жазған позициясын қолдамады», — деп жауап жолдайды.