САУДА ОРЫНДАРЫНДА ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН

Сөредегі тауар — ел экономикасының айнасы. Ал сол сөреден өз өнімімізді іздеп таппай, шетелдік жылтыр қаптамаларға телміріп тұрсақ, ішкі нарықтың тамыр соғысының әлсірегені. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тікелей тапсырмасымен ел аумағында отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа серпіні басталды. Бұл жай ғана ұран емес, заңмен шегеленген нақты талапқа айналып отыр. Әсіресе, оңтүстік өңір — Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жаңа сипат алып, дүкен сөрелерінде қазақстандық өнімдердің үлесі еселеп арта бастады.

Бұл өзгерістің құқықтық негізі де, экономикалық салмағы да тереңде жатыр. Ішкі сауда қағидаларына енгізілген талаптарға сүйенсек, енді кез келген ірі сауда нысаны өз аумағының кемінде 30 пайызын міндетті түрде отандық өнімдерге арнауы тиіс. Бұл — сырттан келетін импорттың тасқынына тосқауыл қойып, өз байлығымызды төрге оздырудың төте жолы. Ең бастысы, «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар мен айшықты белгілер сатып алушының назарын бірден аударатындай, адамның көз деңгейіндегі ең көрнекі сөрелерге орналастырылуда. Тіпті, сауда әлеміндегі ең өтімді, жоғары сұранысқа ие шетелдік тауарлардың қасына біздің өнімдерді қатар қою, яғни «кросс-сауда» тәсілі де міндеттелді. Егер отандық кәсіпорындардан өтінім түспеген күннің өзінде, сауда желілері арнайы Бірыңғай тізілім арқылы өз сөрелерін қазақстандық өніммен бірінші кезекте толтыруға міндетті. Басқаша айтқанда, бұрын дүкен иелерінің рақымына қарап келген отандық тауар енді заңды құқығымен төрден орын алуда.
Бұл талаптың жемісін бүгінде Түркістан облысының тұрғындары анық сезіне бастады. Мәселен, өңірдегі ең ірі «Magnum» сауда желісіне бас сұқсаңыз, сүт және ірімшік сөрелерінен көз сүрінеді. Мұнда отандық ірімшік өнімдеріне «Қазақстанда жасалған» логотипі басылып, арнайы маңдайшалармен ерекшеленген. Елімізге танымал «Natige», «Эмир», «Айс», «Дони ЛТД», жергілікті «Майлыкент Сүт» пен «Бурненский» брендтерінің сапалы сыр өнімдері тұтынушыға өте қолайлы әрі қолжетімді етіп қойылған. Бұл — маңдай терін төгіп, адал өнім шығарып отырған жергілікті шаруа мен кәсіпкердің еңбегін бағалаудың, олардың өнімін делдалсыз, еш кедергісіз халыққа жеткізудің жарқын үлгісі.
Әрине, сауда сөресіндегі бұл бәсекеде тек заңның күші ғана емес, тұтынушының да ықыласы маңызды рөл атқарады. Өз өнімімізді таңдау — тек сапалы асты тұтыну ғана емес, ел ішіндегі жұмыс орындарын сақтау, салықты өз қазынамызға құю, сайып келгенде, ұлттық экономиканың қауіпсіздігін нығайту деген сөз. Дүкен сөресіндегі әрбір қазақстандық тауар — елдіктің белгісі, ал оны сатып алу әрбір азаматтың отаншылдық сезімінің көрінісі болса керек. Сөрені жаулаған отандық өнім ертең бізді сыртқы нарыққа да нық қадаммен алып шығарына сенім мол.