ХАЛЫҚТЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНАДЫ

Тұрғындарды тұрақты табыспен қамту — кез келген аймақ экономикасының басты күретамыры. Оңтүстіктің демографиялық әлеуеті жоғары Түркістан облысында бұл мәселе тек статистикалық көрсеткіш емес, әрбір отбасының әл-ауқатын айқындайтын маңызды әлеуметтік факторға айналып отыр. Жақында облыс әкімдігінде өткен апталық аппараттық мәжілісте халықты жұмыспен қамту шараларының бүгінгі барысы қызу талқыға түсті. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы атқарылып жатқан шаралардың қарқынына тоқталып, әлі де болса ширата түсетін тұстарды нақты көрсетіп берді.

Облыс әкімінің пайымынша, өңірде бой көтеріп жатқан жаңа өндіріс орындары мен алып зауыттардың игілігін, ең алдымен, жергілікті тұрғындар көруі тиіс. Ол үшін жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері, сондай-ақ «Мансап» орталықтары құрғақ есептен нақты іске көшіп, халыққа арналған өндіріс орындарының экскурсияларын жиі ұйымдастыруы қажет. Тұрғындар зауыттың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, ақпаратты тікелей алғанда ғана жұмысқа орналасу үдерісі жеделдемек. Алайда жұмыс тауып беру — істің тек бергі жағы. Еңбек нарығындағы басты талап — азаматтардың құқығының қорғалуы мен болашағының кепілдендірілуі. Бүгінгі таңда еңбек қатынастарын заңдастыру, яғни көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою маңызды міндет болып тұр.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының мәліметінше, бұл бағытта жүйелі қадамдар жасалуда. Мәселен, өңірде электронды еңбек шарттарын тіркеу бойынша жоспарланған 11,5 мыңнан астам адамның 8,5 мыңға жуығы бүгінде заманауи форматқа көшіп үлгерген. Бұл үрдіске 3 мыңға жуық мекеме атсалысып отыр. Мұндай цифрлық формат жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, еңбек дауларының алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар мәжілісте зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік сақтандыру мәселесі де қатаң қаралды. Өйткені бүгінгі төленген жарна — ертеңгі бейнеттің зейнеті. Бүгінде облыс бойынша 9 700-ден астам мекеме 47 мыңнан астам азамат үшін міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып келеді. Бұл бағытта оң динамика бар, бірақ аймақ басшысы әрбір кәсіпорынның жауапкершілігін жіті қадағалауды тапсырды. Оның үстіне, жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарының орындалуы да басты назарда. Қазірдің өзінде 308 мекемеде мұндай сақтандыру шарттары рәсімделген. Еңбек алаңындағы әрбір жанның өмірі мен денсаулығы заңмен қорғалуы тиіс екенін ескерсек, бұл жұмыстың ауқымын әлі де кеңейту қажеттігі туындайды.
Әрине, кез келген қоғамның қозғаушы күші — жастар. Сондықтан еңбек нарығындағы ең өзекті мәселенің бірі — екі қолға бір күрек таппай жүрген, оқымайтын да, жұмыс істемей де жүрген NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу. Мәжілісте бұл топтағы жастармен жекелей жұмыс істеп, оларды белсенді жұмыспен қамту шараларына тарту туралы нақты міндеттер жүктелді. Түркістан облысындағы бұл кешенді бетбұрыс тек бүгінгі күннің мәселесін шешіп қана қоймай, ертеңгі тұрақты әрі қауіпсіз еңбек нарығының іргетасын қалауға бағытталып отыр. Ендігі кезекте жергілікті әкімдіктер мен тиісті құрылымдар осы серпінді жұмысты бәсеңдетпей, ширақ қимылдауы тиіс.