БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Көне Түркістанның топырағында тағы бір тағылымды іс атқарылып, аймақтың рухани қазынасы еселене түсті. Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында түркі дүниесінің рухани астанасында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының заманауи үлгідегі жаңа ғимараты салтанатты жағдайда есігін айқара ашты. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлы ағартушының есімімен аталатын бұл білім ордасы облыс балалары үшін ғажайып мерекелік тартуға айналды. Мәдениет пен білімнің бесігі болған нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті жұртшылық пен кітапқұмар қауымды айтулы оқиғамен құттықтады.
Биыл іргетасының қаланғанына 65 жыл толып отырған облыстық балалар кітапханасының мерейтойы осындай үлкен қуанышпен астасып, өңір шежіресіндегі елеулі тарихи сәтке айналды. Ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы кітапхананың жай ғана кітап сөрелері тізілген орын емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтеретін, жас өскінді ізгілікке тәрбиелейтін алтын ұя екенін мақтанышпен жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында айтқан «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интеллектуалды қоғам құра алады» деген қанатты сөзін тілге тиек еткен өңір басшысы, жастардың кітапқа деген құштарлығын ояту болашаққа салынған ең ұтымды әрі маңызды инвестиция екенін баса айтты. Осыдан біраз уақыт бұрын кітапхананың тозығы жеткен ескі ғимаратын көріп, оны заман талабына сай жаңғырту туралы бастама көтерген әкім, бұл идеяны бір ауыздан қолдаған облыстық мәслихат депутаттары мен игілікті іске үлес қосқан барша азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Жаңа білім ошағының шамшырағы ешқашан сөнбесін деген ізгі тілекпен, ақсақалдардың ақ батасын алған өңір жетекшісі зиялы қауым өкілдерімен бірге ғимарат ішін аралап, жас оқырмандарға жасалған жағдаймен танысты.
Бұл зәулім де заманауи ғимарат балалардың оқу мәдениетін қалыптастырып, шығармашылық қабілетін ұштауға, ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, ой-өрісі кең, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Жобаның жалпы құны 481 миллион теңгеден астам қаражатты құраса, мың шаршы метрден асатын кең де жарық аумақта бір мезетте жүзден астам бала емін-еркін білім нәрімен сусындай алады. Мұнда оқырмандарға жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін 50-ден астам білікті маман аянбай еңбек етпек. Түркістандық бүлдіршіндердің игілігіне берілген бұл орталықта әлемдік классикалық туындылар, заманауи балалар әдебиеті және электронды ресурстардың озық мүмкіндіктері толықтай қамтылған, ал алтын қорда сақталған 226 мыңнан астам құнды кітап балалардың қиялына қанат бітіріп, білім көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз.
Жалпы, Түркістан облысында мәдениет пен руханият саласын өркендету, соның ішінде кітапхана ісін жаңа деңгейге көтеру жұмыстары жүйелі сипат алып келеді. Қазіргі таңда қасиетті өңірде 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп жатса, олардағы жалпы кітап қоры 6 миллионнан асып жығылады. Бұл көрсеткіш аймақтағы рухани серпілістің нақты дәлелі болса керек. Мәдени нысандардың бой көтеруі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өткен жылы облыс көлемінде кітапханалардан бөлек 6 мәдениет үйі халық пайдалануына берілсе, биылғы жылы тағы 10 мәдениет ошағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандардың барлығы жыл соңына дейін ел игілігіне беріліп, халықтың рухани сұранысын өтеуге қызмет етеді деп күтілуде. Осылайша, Түркістан төрінде ашылған жаңа балалар кітапханасы өңірдің мәдени келбетін ашып, келешек кемел ұрпақтың білім ордасына айналары хақ.




