ЖЕТІСАЙДА 1 АПТАДА 200 ТОННАДАН АСТАМ ҚАРБЫЗ ЖИНАЛДЫ

Шілденің аптап ыстығымен бірге оңтүстіктің берекелі өлкесі Жетісайда бақша өнімдерін жинау науқаны қызып сала берді. Жер емген диқанның маңдай терімен, адал еңбегімен бапталған алғашқы қарбыздар бүгінде еліміздің ірі мегаполистері мен көршілес Ресей Федерациясының сауда нарығына қарай ағыла бастады. Күннің нұры мен топырақтың құнарын бойына сіңірген Жетісайдың тіл үйірер тәтті өнімі алыс-жақын нарықтарда үлкен сұранысқа ие.
Тек бір аптаның ішінде ғана егістік алқаптарынан 200 тоннадан астам қарбыз жиналып, тұтынушылардың дастарқанына жол тартуы ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы орасан зор әлеуетін айқын көрсетсе керек. Ерте піскен өнімге деген жоғары сұраныс шаруалардың қалтасын қалыңдатып, берекесін тасытып қана қоймай, аймақ экономикасының күретамырына айналып отыр. Биылғы жылы мырзашөлдік дихандар 80 мың гектарға жуық суармалы алқаптың игілігін көруде. Оның ішінде 44 мың гектарына мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектар жерге бақша дақылдары жайғасқан. Сондай-ақ жергілікті еңбеккерлер тәуекел етіп, 7,5 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс және 6,4 мың гектар алқапқа мал азығы – жоңышқа еккен екен. Сөз орайында айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда бақша дақылдарының жалпы көлемінде сәл де болса өсім бар, ал оның ішіндегі қара үзіп тұрған қарбыздың үлесі былтырғыдай 3 мың гектар деңгейінде сақталған. Егу көлемі өзгермесе де, биылғы өнімнің сапасы мен мөлшері мүлдем бөлек. Мұның сыры диқандардың сапалы дән таңдап, заманауи агротехнологияларды шебер шендестіре білгендігінде жатыр. Оған қоса, биыл ағын судың қажетті мөлшерде әрі уақытылы берілуі де шөлге шыдамды бақша өнімінің бітік әрі ерте пісіп-жетілуіне үлкен септігін тигізді.
Бүгінгі таңда Жетісай даласындағы өнім жинау қарқыны күн санап үдеп келеді. Шаруалар алдағы күндері экспорт көлемін еселеп ұлғайтып, ішкі және сыртқы нарықты тек табиғи әрі таза өніммен қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған. Бақша өнімдерін шекара асырып экспорттау өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына соны серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтудың таптырмас тетігіне айналды. Қара жерден қазан қайнатып, маңдай терімен ырыс еселеген Жетісай шаруаларының бұл еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық өнімнің брендін асқақтатудың шынайы да айқын көрінісі екені даусыз.




