АРЫСТА ЖАҢА СЕРВИСТІК ДЕПО САЛЫНЫП ЖАТЫР

Көлік-логистика саласының күретамыры үзілмейтін Арыста бүгінде халықаралық деңгейдегі алып жобаның іргетасы бекіп, құрылыс көрігі қыза түскен. Әлемдік деңгейдегі жетекші серіктес – француздық «Alstom» компаниясының электровоздарға арналған заманауи сервистік депосының Арыс топырағында бой көтеруі өңір экономикасына ғана емес, тұтас еліміздің транзиттік әлеуетіне серпін беретін теңдессіз қадамға айналды. Жақында осы тарихи нысанның құрылыс барысымен танысу мақсатында ұйымдастырылған арнайы сапар қос мемлекеттің іскерлік байланысы қаншалықты тереңдеп кеткенін айқын көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге және «Alstom» компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе бастаған мәртебелі меймандардың қала әкімі Қайсар Маңқараевпен және теміржол саласының майталмандарымен бірге нысан басында бас қосуы жобаның саяси да, экономикалық та салмағын аңғартса керек. Алқалы жиында ашылған ескерткіш тақта бұл ынтымақтастықтың тасқа басылған тарихы іспетті.
Түркістан облысының әкімі орынбасары Ертай Алтаев бұл бастаманың тек өндірістік қуатты арттырып қоймай, қала экономикасын әртараптандырудың, яғни біржақтылықтан арылудың нақты үлгісі екенін шегелеп айтты. Ең бастысы, мұндай зор жобалар Арыстың жас мамандарына әлемдік технологиямен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашпақ. Франция Елшісі Сильван Гиоге мырза да қос ел арасындағы экономикалық әріптестіктің жыл сайын жаңа биікке көтерілгенін мақтанышпен тілге тиек етіп, бұл депоны өзара сенім мен ұзақ мерзімді серіктестіктің шынайы жемісі деп бағалады. Шындығында, еліміз бойынша салынатын төрт ірі сервистік орталықтың бірі ретінде Арыс қаласының таңдалуы тегін емес. Бұл нысан іске қосылғанда ай сайын 120 локомотив секциясына дейін, ал жылына 1440 секцияға қызмет көрсете алатын, баламасы жоқ негізгі өндірістік хабқа айналады. Бұл дегеніміз – болат тұлпарлардың техникалық дайындығын мінсіз етіп, ішкі және халықаралық бағыттардағы теміржол тасымалының қауіпсіздігі мен тиімділігін еселеп арттыру деген сөз.
Арыстың Орта дәліз бойындағы геосаяси орналасуы бұл жобаның құнын одан сайын аспандатып тұр. Құрлықтарды жалғаған бұл халықаралық дәліз бойында жаңа депоның бой көтеруі Қазақстанның транзиттік қуатын жаңа белеске шығарады. Еліміз бойынша өңірлік қызмет көрсету орталықтарын дамытуға бағытталған 50 миллион еуро көлеміндегі ауқымды инвестициялық бағдарламаның бір парасы осылайша Арыста жүзеге асып жатыр. Оның нәтижесінде республика көлемінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей септігін тигізеді. Таныстыру сапары барысында қонақтар құрылыстың сапасына көз жеткізіп, болашақ депоға енгізілетін заманауи технологиялық шешімдердің ауқымына тәнті болды. Ғасырға жуық уақыт бойы теміржолдың дүбірімен оянып, сонымен тыныстап келген Арыс қаласы француздық серіктестермен бірлескен бұл жоба арқылы өзінің индустриялық шежіресінің мүлдем жаңа, шұрайлы парағын жаза бастады. Темір жолдың берекесі мен Еуропаның озық технологиясы тоғысқан бұл мекеннің алдағы уақытта халықаралық тасымалдың алтын қазығына айналатынына сенім мол.




