ҚОЙМАДАҒЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАНША УАҚЫТҚА ЖЕТЕДІ?

Мамырда Мақтааралда орын алған сел салдарынан жүздеген отбасылар уақытша паналау орталықтарына жайғастырылған болатын. Сол кезде тасқынның зардабын тартып отырған ауыл тұрғындарына қиын кезде қолдап, қол ұшын беру үшін жан-жақтан гуманитарлық көмектер жолданғаны белгілі. Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті күнделікті тауарлар жеткізілген көмек керуендері Мақтааралдағы орталықтандырылған қоймада қабылданып келді.

 

Тіске басар тағамдардың себепсіз таратылып, есепсіз үлестірілуін болдырмау үшін орталықтандырылған қоймаға бейнебақылау қондырғылары орнатылған еді.

Қазіргі таңда бұл қоймадағы азық-түліктер Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 5 ауылдың 930-ға жуық отбасына беріліп отыр. Орталық қоймадан бөлек үш қосалқы тарату бөлімшелерінде эвакуациялық орталықта емес, жақын-жуығының үйін паналап отырған тұрғындарға қажетті азық-түлік себеттері үлестіріліп берілуде.

Облыстық штаб қоймасының үйлестірушісі, ерікті Бақытжан Әшірбаевтың сөзінше қоймаға барлығы 760 тоннаға жуық азық-түлік жеткізілген екен. Бүгінге дейін соның 557 тоннасы тұрғындарға үлестірілген. Қазір қоймада негізгі қолданыстағы 203 тонна азық-түлік бар. Бұл шамамен тамыз айының соңына дейін жетеді деп болжануда. Өз сөзінде Бақытжан Әшірбаев «Ең бастысы 930 отбасыға қоймада қалған азық-түліктерді тамыз айының соңына дейін жеткізу қажет. Сондықтан да ас-ауқатты үлестіру жұмыстарын есеппен, тиянақтылықпен жүргізудеміз. Осы күнге дейін азық-түліктерді үлестіру жұмысында ешқандай дау туындаған жоқ. Халық өздеріне қажетті азық-түлік түрлерін жеткілікті көлемде алуда»,- дейді.

Жалпы Мақтааралда су тасқынынан үйлері су астында қалған Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарының тұрғындарына арналып, Мырзакент маңынан 386 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатқаны белгілі.

Бұдан бөлек, Жаңажол ауыл округіндегі Фирдауси ауылында судан зардап шеккен 314 үйді қайта салу үшін өтемақы беру жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бүгінге дейін 302 үйдің иесі мемлекет есебінен берілетін өтемақыны толық алған. Нәтижесінде 314 үйдің 303-і бұзылып, 268-нің іргетасы құйылған. 138 баспананың қабырғасы өріліп, 19 баспананың шатыры жабылған. Ауылдағы құрылыста 1102 адам еңбек етуде.

Ал, Өргебас ауылындағы 195 үйдің 194-нің иелері 17 млн. теңгелік өтемақының 50 пайызына қол жеткізген. Қазіргі таңда 189 үй толық бұзылып, 188 үйдің іргетасы құйылып, 99 баспананың қабырғасы қаланған. Сондай-ақ, 32 үйдің шатыры жабылған. Аталған ауылдағы құрылыс жұмыстарында 694 адам еңбек етіп жүр.