АУРУХАНАЛАРҒА АППАРАТ ЖЕТТІ

Өз елімізде жасалған өкпені жасанды желдету аппараттарының алғашқы легі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына жеткізілді. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Инжиниринг» АҚ-ы жасап шығарған қондырғылардың 10 данасының Мырзашөл аумағына әкелу жұмыстарына «Азала груп» компаниясы атсалысты.

 

Ақмола облысы, Көкшетау қаласында «Қазақстан Инжиниринг» акционерлік қоғамы жасап шығарылған бұл аппараттар Мақтааралдағы «Мырзакент» және «Атакент» елді мекендеріндегі ауруханаларға табысталады.

Жалпы пандемия басталғалы бері «Азала груп» компаниясы медициналық бетперделер мен дезинфекциялық құралдарды тегін тарату сынды жақсы істің жуан ішінде жүріп, халықтың алғысын алған-тын.

Өз кезегінде Мақтааралдағы аудандағы реаниматолог дәрігер Жүсіп Әжібайұлы «қазіргі таңда біз өкпені жасанды желдету аппараттарына өте мұқтаж болып отырмыз. Себебі пневманиямен өте көп науқастар түсуде. Тәулігіне 8-10 науқас мұқтаж»,- деді.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын (9-шілде) Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақтағы коронавирустың ағымдағы жағдайы мен онымен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау үшін онлайн-брифинг өткізген. Сол кезде Өмірзақ Естайұлы облыс бойынша ИВЛ аппараттары жеткілікті екенін, қазіргі таңда 178 аппарат бар болса (тағы 6 қондырғы демеушілердің есебімен алынған) соның 45-і қолданыста екенін хабарлаған болатын. Сонда аймақ басшысының бұл сөзі шындықтың ауылынан алыс болғаны ма?