МЫРЗАХМЕТОВКЕ ТАҢДАУ ЖАСАЙТЫН МЕЗЕТ КЕЛДІ
Төрткүл дүние үшінші дүниежүзілік соғысқа теліп жатқан мына жұқпалы індет қоғам мен халықты қолайсыз күйдің құрсауына түсірді. Айналасы алты айдың ішінде дерт жер жүзі бойынша 13 миллиондай адамға ауыз салып, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттердің есін екеу, түсін төртеу етіп, азуын айға білеген алпауыт елдерді де әуре-сарсаңға салып жатқан жағдайы бар. Тәж тажал адамдарды әлекке салып қана қоймай, барлық салаға үлкен соққы беріп отыр. Күн сайын кеселге шалдыққан адамдардың көбеюі көңілге қорқыныш сезімін туғызуда. Эпидахуалдың қолайсыздығы былайғы жұрттың жүйкесіне ауыр салмақ салып жатқанын айтпай кетуге болмас. Қалыпты өмірден қол үзіп қалу халыққа да, билікке де оңай тиіп жатқан жоқ. Экономиканың негізгі секторларының бірі саналатын кәсіпкерлік нысандардың наурыз айынан бастап жұмыстарының тұралап, істерінің тоқтап тұрғаны сан мыңдаған халықты тұрақты табысынан айырды. Бірақ санасына сәуле төгілген әлем ғалымдарының бұл кеселді келмеске кетіретін дауасын табамыз деген уәделі мәлімдемелері жұртты қалыпты өмірге әлі-ақ ораламыз деген үміттің жетегінде жүргізіп келеді. Солай боларына бәріміз сенеміз.
Бірақ ғалымдарға қарап отырып, ахуалды қадағаламау тағы болмайтыны белгілі. Осыған сәйкес, билік індеттің таралуына бөгет болатын іс-әрекеттер алгоритмін жасап, нақты шараларды қабылдап жатқаны белгілі. Алайда Қазақстанда аурудың алдын алу мен онымен күрес жұмыстары кезінде біраз шикіліктер әшкереленді. Олар, шақырудың тым көптігінен жедел жәрдем қызметінің азаматтарға дер уақытында көмекке келе алмауы, ауруханадағы төсек-орындардың лық толуынан өлімнен арашалап қалады деген дәрігерлердің науқастарды қабылдаудан бас тартып, қату қабақ танытқаны, дәріханада самсап тұратын қажетті препараттардың дефицитке айналуы тағысын тағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда ел халқына арнаған үндеуінде айтқан ұсынысы мен пікірлері бұл бассыздықтың болуы кімдердің қателігі екенін ашып көрсетті десек те болады.
Өз кезегінде Президент алдағы екі апта ішінде елдегі ахуалды жақсарта алмаса Үкіметтің таратылатынын да жеткізді.
Шыны керек, дәл қазіргідей сәтте жоғарыда кадрлық сапырылыстың болғаны ахуалды әлсіретіп жіберуі де әбден мүмкін. Дегенмен де сауапты әрі жауапты қызметтерге қолынан іс келетін кадрларды отырғызу дұрыс сияқты. Мәселен, Президент ел тірлігіне араласуда жалыны жоғалмаған, қайраты кемімеген Асқар Мырзахметовтің қолына өзі бастаған мемлекеттік мекемелердің бірінің екі тізгін, бір шылбырын сеніп тапсырса ұтылмасы сөзсіз. Оған оның өмір мектебі де, тәжірибесі де, атқарған жұмысы да толық сай келеді деп нық сеніммен айта аламын. Алысқа бармай-ақ, оның Жамбыл облысына әкім болған екі жылдан астам уақыттағы (2018-2019 жж) жұмысын айтуға болады.
Асқар Исабекұлы Әулиеата өңіріне әкім болып тағайындалған сәттен бастап, облыс орталығы Тараз қаласына ерекше реңк сыйлауға екпін берді. Қойнауы тарихқа тұнған Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішін қойғызды, Ұлы Отан соғысының құрбандары мен қатысушыларына арналған обелискілер, «Мәңгілік алау» отсауыты орнатылды. Тұрғындар тынығып, тынысын ашатын орындарды оңалтуға көңіл бөліп, нәтижесінде «Үшбұлақ» жағалауы демалыс аймағын жаңғыртудан өткізді.
Осылайша облыс орталығын абаттандырған Асқар Исабекұлы көптеген салаларда да өзіндік қолтаңбасын қалдыруда тәжірибесі толысқан маман, оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетті. Мәселен, ол Жамбыл облысын басқарған екі жыл ішінде құрылысқа қатысты 134 жоба құны қайта қаралып, мердігерлерге мақсатсыз берілгелі тұрған 21 миллиард теңгенің «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуін алдын алды. Қала, аудан әкімдерінің сылбырлығын сын тезіне алып, олардың жұмысын ширатты. Ол облысқа әкім болған екі жыл ішінде аймақтың экономикалық өсімі бес жылда бағынбаған белеске жетті. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда өндірісінің көлемі артты. Облыста үш ауысымды мектеп мәселесінің шешілуі дәл осы Мырзахметовтің кезінде орын алды.
Мырзахметовтың Жамбыл өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы еңбегі де ерен. Ол осы салада күнін кешіп, кәсібін жасап жүрген ауыл тұрғындарын өнімді еңбек етуге ұйыстыра білді. Нәтижесінде облыс тұрғындарының үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласындағы мал және құс өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу сынды бағыттардағы жұмыстары бойынша оң пайыздық көрсеткіштер түзілді.
Жамбылдық жұрттың ықыласына біркісідей-ақ кенеліп жүрген Асқар Исабекұлы осы жылдың ақпан айында орын алған Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктен соң өз еркімен қызметінен кетті.
Біраз азаматтар Асқар Мырзахметовтың жаңылған тұсы құқық саласы мен тұрғындар қауіпсіздігіне келгенде бейғамдық танытқанын алға тартады. Осындайда хакім Абайдың «Баяғыда біреу біреуді пәлен жасымда келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, соны өлгенінше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?» деген сөзі еске түседі.
Өмір соқпағының даңғылы болмайтыны сынды, әр адамның жүріп өтер жолы да түзу болмайды. Сондықтан да Асқар Мырзахметовты жекелеген салаларда «қамысты бос ұстады» деп, оны тұтас ел тірлігінен шет қақпай ету әбестік деп түсінемін. Айтпақшы, ол осы жылдың басында өз қызметінен кеткен кезде «жақсы кадр жерде қалмайды» деген сөздер жиі айтылды. Ендеше таптырмас кадрдың ел қызметіне араласатын уақыты келген сияқты. Егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Мырзахметовке сенім артса бас бармақпен бағаланатын тірліктер молая түсер еді…
Байкен ӘШІРБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері.