АЙЛАР БОЙЫ БЕЛСЕНДІЛІК БАЙҚАТПАҒАН ҮКІМЕТ ЕКІ АПТАДА НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ МЕ?

 

Төрткүл дүниеге таралған COVID-19 Қазақстандағы жағдайды күрт қиындатып жіберді. Сәуір айының басында еліміздің барлық аумағына таралып үлгерген коронавируспен күрес нәтижелі болмады. Билік бақылауды өз деңгейінде жүргізе алмағандықтан, жалпы жағдай уыстан шығып, ахуал ушыға түсті. Бұған дейін елімізде індет ошағының кеңейіп кеткенін биліктің бишігін ұстаған азаматтар адамдардың санитарлық талапты дұрыс сақтамауымен байланыстырудан жалықпаған еді. Бірақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінің індетке қарсы тойтарыс беруге дайын болмағанын, осы мәселе бойынша тергеу жүргізіп, әкімдердің де жіберген қателіктеріне баға берілетінін ескертіп, ақаудың тек бір жақтан болмағанын айқындады.

 

Сонымен қатар Президент халықты елімізде 5-шілдеден бастап енгізілген екі апталық карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Соңғы жетідегі ең маңызды оқиғалар не болды? Саралайық…

Өткен аптаның алғашқы күнінде Елорда аспанында от шашылды. Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай жасалған бұл дүмпілден соң астана әкімдігі сын астына қалды. Желі КВИ мен пневмания қосақтасып, адамдарды әбігерге салып, қарт кісілерді баудай қырып жатқан эпидемия кезінде ақшаны аспанға шашуды үлкен қателік деп санаған пікірлерге толды. Өз кезегінде әкімдік отшашу індетпен күрес кезінде алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларды қолдауға арналған шара ретінде қолға алынғанын алға тартты. Осылайша ел Президентінің өткен айдың соңында әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарап, конференция, дөңгелек үстел, салтанатты шараларды өткізу секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма беріп, қаражаттың бәрін эпидемиямен күреске бағыттау туралы тапсырмасы ескерусіз қалды. Көлгіновтің бұл әрекеті өзіне қандай таяқ болып тиетіні алдағы күннің еншісінде.

Маусым айынан бастап елімізде коронавирус, тұмау мен пневманияға қарсы ем-домдарға қолданылатын дәрілердің тапшылығы байқалды. Жұрт дәріханаларда іздеген дәрісін таба алмай табанынан тозып жүргенде жергілікті жерлердегі қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдері қорда дәрі жеткілікті, бұл тапшылық адамдардың дәрілерді жаппай алуынан болып жатқан жағдай деп міз бақпады. Ал адамдар болса, қажет дәріні шарқ ұрып іздеп, тапқан күннің өзінде бірнеше есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болды. Әлеуметтік желі осындай қилы кезеңде адамдардың қайғысы арқылы қалтасын қалыңдатқандарға тоқтау сала алмаған билікке ашу, қыжыл, өкпе реніштерін білдірген жазбаларға толды. Арагідік желідегі жазбаларға көз тоқтататын мемлекет басшысы бұл жағдайға қатысты 5-шілдеде өзінің твиттер парақшасында «Азаматтарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектерді негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады»,- деп жазба қалдырған еді. Арада бірер күн өткеннен соң дәріге қатысты дүрбелеңді тудырып жүргендердің тірлігі әшкере болды. Айналасы бір жетінің ішінде ел аумағында дәрі-дәрмекті заңсыз сату бойынша 206 жағдай тіркеліп, 185 адам ұсталды. Сөйтіп 50 мыңнан артық дәрі мен 500 мыңнан астам бетперде жасырын сауда айналымынан алынды. Полиция құрығына түскен азаматтар бұл дәрілерді нарықтағы бағасынан 3-4 есе қымбатқа сатып келген. Дәріні заңсыз сатудың мұндай дерегі Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау облысында кең етек алған.

Дей тұрғанмен дәріге қатысты дүрбелең әлі тоқтаған жоқ. Барлық өңірлерде дәріге деген тапшылық кездеседі. Билік бұл мәселенің барлығы жуық арада реттеледі деп жұртты сендіріп отыр. Бірақ шенеуніктердің бұл сөзін жаттанды уәде деп тұжыратындар да жоқ емес. Десе де, көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырғандарды құрықтау қолға алынғаны қуантады.

Егер Президент осы мәселеге қатысты пәрмен бермесе жағдай не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Өткен сәрсенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасады.

Халыққа айтқан Үндеуінде президент «Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13-шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын»,-деді. 6-шілде күні астананың туған күніне орай аспанға атылған отшашудан соң 13-шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы жаңалықты жатырқай қарағандар да болды. Коронавирустан көз жұмғандарға байланысты қаралы күн белгілеу әлі ерте дегендер де кездесті. Мәселен, журналист, жазушы, этнограф Болат Бопай «Неге?» ток-шоуы бағдарламасында «Эпидемия әлі тоқтаған жоқ. Ұлттық аза тұту күнін жариялау ерте. Себебі адамдардың көбі өз үйінде аза тұтып жатыр. Өлім-жітім болмаған үйлер үрей үстінде. Ал адамы кетіп қалғандар қаралы. Олар Үкіметтің карантин талаптарына мойынұсынып қаза болған жақынын дәстүр бойынша жерлей алмауда» деді.

Тәуелсіздік алғаннан бастап тоғызыншы рет жарияланып отырған бұл қаралы күнде тәртіп бойынша мемлекеттік мекемелердегі ту төмен түсірілді. Президент бастаған мемлекеттік мекеме басшылары коронавирус індетімен қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жұрт назарын аударған тағы бір жаңалық желіде Қазақстан Республикасына Катар, АҚШ мемлекеттерінен гуманитарлық көмек ретінде тегін келген дәрілік заттардың халыққа ақшаға сатылып жатқаны туралы жанайқайлардың жариялануы болды. Және бұл былықтың басында «СК- Фармация» серіктестігі тұрғаны айтылды. Оған негіз болатын видеолар да желіге салынды. Денсаулық сақтау министрлігі гуманитарлық көмектердің саудаланғанын жоққа шығарды.

Бірақ қоғам белсенділері бас көтеріп айтқан бұл дабылдың астарында бір кептің бары анық сияқты. Егер «СК-Фармацияның» жұмысында шикілік болмаса 10-шілдеде Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры мен «СК-Фармация» компаниясының басшылары жұмыстан қуылсын және оларға да қатысты тергеу жүргізілсін» деп қадап айтпайтын еді. Көп ұзамай аталған мекемелердің басшылары қызметінен алынып, орнына өзге кадрлар келді. Сөйтіп, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне Ерхат Есқалиев тағайындалды. Ол бұған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Көлік логистикасы ішкі комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Ал «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасын Болат Төкежанов басқарады. Болат Төкежанов соңғы жылдары еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде жауапты хатшы, вице-министр қызметтерін атқарған.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы пандемияға байланысты елде орын алып жатқан ахуалды оңалтудың нақты әдісін Үкімет бес күн ішінде ұсыну қажеттігін, соның негізінде жасалған жұмыстар бойынша жағдай жақсармаса министрлер кабинеті таратылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Жұмадағы осы жиында Қасым-Жомарт Кемелұлының денсаулық сақтау министрінің бұрынғы басшысының жұмысы елеп-екшелетінін, оны алдағы уақытта арнайы құрылатын комиссия қарайтынын айтты.

Ел тұтқасын ұстаған басшының ең басты қызметтерде отырған азаматтардың жұмысынан осылай секем алуының соңы қандай болатыны белгісіз.

Сонымен қатар осы аптаның айшықты оқиғасы Президенттің Қазақстан жері шетелдіктерге сатылмайтынын, енді бұл мәселеге қайтып оралмайтынын жеткізуі болды. Бірақ Президент бүгінге дейін ғарыштық бақылау арқылы елімізде 12,8 миллион гектар жердің игерілмей отырғаны анықталғанын, оның 7 миллион гектары мемлекетке қайтарылғанын, сондықтан да азаматтарды телімдерді игеруге тер төгуге шақырды.

Бүгінде еліміз бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 60 мыңға жуықтады. Сырқатты жеңіп шыққандар саны 33800-ден асты. Өткен аптада қауіпті індет 111 адамды өмірден оздырды. Осылайша вирустан қайтыс болғандар саны 375 адамға жетіп отыр.

Кеше Президент өзінің твиттер парақшасында республикада эпидахуал реттеле бастағанын, жағдайды толық тұрақтандыру үшін карантин режимі тағы созылып, шілденің аяғына дейін жалғасатынын, осы мақсатта бүгін Үкіметтік комиссия нақты шешім қабылдайтынын хабарлады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет шілде айында мұқтаж жандарға 42 500 теңге төленетінін де жеткізді.

 

М. ӘБДІРАИЫМ.