ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
Президентті алаңдатқан сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр…
Ертең жаздың бел ортасы болады. Әдетте осы уақытта ата-аналар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарына кірісіп кететін. Мектепке баратын баласын бастан-аяқ киіндіру қолмен қойғандай оңай тірлік емес екені жөнінде талай мәселелер көтерілетін шақ дәл осы уақыттан басталатын еді.
Бірыңғай мектеп формасы, оқу құралдарының ығы-жығы болған базардағы нарқы күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарға арқау болатын. Бірақ биыл мұндай күйкі тірлік байқалмайды. Пандемияға байланысты карантин алдағы жаңа оқу жылының қандай болып басталатынын айқындап алуға мұрсат бермей отырған сыңайлы.
Десе де бәрін пендемияға артып қойып, құр отыра беруге тағы болмайды. Нақты шаралар қабылдануы тиіс. Және одан халық алдын ала хабардар болуы керек.
Осыған орай біз жуырда Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваға жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы «Жаңа оқу жылы онлайн бола ма? Мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бірінші сынып оқушыларын не күтеді? Олар алғашқы қоңырау үнін естиді ме? Егер жаңа оқу жылы онлайн түрде болса, бірінші сынып оқушылары алғаш рет қалам ұстап, әріп тануды үйінде меңгере алады ма? Оған барлық ата-аналардың қабілеті жетіп, ұстаздар ойдағыдай ықпал етеді деп ойлайсыз ба? Онлайн оқытуға мектептердің материалдық-техникалық базасы, ұстаздардың қарымы, дайындығы қандай деңгейде?» және т.б сұрақтар жолдаған едік. Өз кезегінде Жанат Арысбекқызы сұрақтарымызға жауап беруге дайын емес екенін ашық айтты. Мегаполистің бас педагогы берілген осы сұрақтарға дәл қазіргі уақытта ашып ештеңе айта алмайтынын түсіндірді.
Жанат Арысбекқызы былай тұрсын еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың де бұл сұраққа жауап беруі қиын екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Кешегі аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының жаңа оқу жылына дайындығына күмәнмен қарайтынын алға тартып, тиісті органға «Балалар қашықтан оқи ма? Жоқ, әлде кәдімгідей сабаққа бара ма? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қалай?» деген сұрақ басы ашық күйінде қалып отырғанын алға тартты. Сонымен қатар ол инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты мәселенің түпкілікте реттелмегенінен осы жылғы төртінші тоқсанда онлайн оқытудың тиімді өткізілмегенін жасырмады. Президент мұғалімдердің 20 пайызында толыққанды интернет пен компьютердің болмағанын, оқушылардың қажетті техникалармен қамтамасыз етілмеуін сын тезіне алды. Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде барлығы 400 мыңнан астам компьютер бар болса, соның тек 40 пайыздан астамы ғана қолдануға жарамды екен. Төрт сайманның түгелі дерлік жарамды болмағаны жергілікті жердегі әкімдер мен министрлердің жұмысының «жемісі» болып отырғанын, осы бағыттағы мәселені реттеуді айтты. Осыған байланысты Президент Үкіметке жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамту қажеттігі туралы тапсырма берді. Яғни, халықтың 99,3 пайызы ғаламторға қосылуы тиіс.
Қазіргі таңда жаңа оқу жылында балалардың білімді қалай алатыны тек Президентті емес қарапайым халықты да қатты алаңдатып отыр.
Мұндай белгісіздік жағдайға тек Қазақстан ғана емес, өзге елдерде бетпе бет келуде. Пандемияға байланысты жылдар бойы жалғасып келе жатан жүйені өзгерту оңай емес әрине.
Әзірге Білім және ғылым министрі онлайн оқыту не оқытпау туралы нақты ештеңе айтқан жоқ. Бірақ оқу жылына қатысты үш нұсқа әзірленіп отырғанын жеткізді. Олар қашықтан оқу (алыстағы елдімекендерді есептемегенде, қалғанының бәрі қашықтан оқытылады), іштей және қашықтан оқу (мектепте міндетті түрде термометрия, санитайзерлер болуы тиіс. Әлеуметтік қашықтық сақталып, сабақтар қысқартылуы керек) және штаттық режимде қатаң санитарлық шектеу шаралары сақтап сабақты жалғастыртыру.
Президент сынынан соң осындай жоба-жоспарын ұсынған министр жаңа оқу жылынан бастап елімізде мектеп формасы болмайтынын да айтты. Бұл шешімді ол «Егер ата-аналарда мектеп формасын сатып алуға ақша болмаса, балаларына классикалық стильде басқа киім кигізулеріне болады. Көптеген ата-аналар мектеп формасын алатындай жағдайда емес. Қазіргі жағдайда бұл шешім маңызды деп есептеймін. Осы оқу жылында біз онлайн я болмаса қайтадан бұрынғыдай оқысақ та оқушылардан ешкім мектеп формасын талап етпейтін болады. Егер бұрын алып қойған немесе аға-әпкелерінен қалған мектеп формасы болса оны кие беруге болады»,-деп тарқатты.
Бірақ ол бұл шешім тек 2020-2021 оқу жылдарында ғана іске асатынын айтты.
Қ. ҚАЛИЕВ.