ӨМІР СҮРУ ҮШІН ӨЗГЕРЕ БІЛУ КЕРЕК

 

«Мен пайғамбардан бастасам, Әңгімеге кетемін, Едігеден бастасам, Ертегіге кетермін. Келтесінен қайырсам, Сөз түбіне жетермін»,- деп Үмбетәлі жырау айтқандай, әріге бармай-ақ тарихи өлшем тұрғысынан жаңа Қазақстанды сөз еткенді жөн санап отырмын.

 

Біздің халықтың әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп. Сондай қилы замандарда бақыт ұшып, байлық көшкенмен, Сіз бен Біз қалыппыз. Халық қалыпты. Бұл біздің басты бақытымыз.

Біз үлкен істі іске асыруға белді буғалы тұрған жұртпыз. Ұлттық сана-сезіміміз оянып, арғы-бергі тарихымызға көз жібердік. Ешкімге де есе жібермейтін еңселі ел екенімізді, ұйыған ұлт бола алатынымызды бағамдадық. Жоғарыда отырғандардың барлық сөзіне сеніп, дегеніне көніп, құлақты бір қағып қойып, қойымызды қайырып жүре беретін кешегі қор күніміз келмеске кетіп барады. Егеменді ел атандық. Зайырлы мемлекетпіз. Осы тұста болашақпен бірге өткенге үңіліп, келешектің тәуекеліне ұмтылуымыз керек-ақ. Жүрегіміз лүпілдеп, ел болып еміреніп, халық болып тебіренуіміздің терең сыры бар. Заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.

Тарихсыз халық болмайды. Тарих өздігінен жасалмайды. Қатпарлы тарихты елден ерек туған дара тұлғалар, дана перзенттер жасайды. Қазақ даласы ондай кемел азаматтарға ешқашан кенде болып көрмеген. Осы орайда қазақ тарихының алтын діңгегіндей болған еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді»,- деп бекер айтпаса керек. Игі бастаманың қымбат мұрасын үкілеп ұстау, қадір-қасиетін өзіміз тану, өзгеге таныту, олардың әрқайсысын ардақтау, қастерлеу, тарихтың шаңында көміліп қалмау үшін рухани жаңғыру – біздің баршамыздың елдік, әрқайсысымыздың перзенттік парызымыз.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық.

Осының бәрін ұраншылдыққа салынбай, даурықпай, салиқалы атқаруымыз керек. Бәрімізді де асылымызды шаша-шаша, елді адыра, жерді тоздыра жаздаған теперішке толы тарихымыздан тағылым алуға, қолда бар қазынамызды қастерлеуге, елім деген ерлерді қырық жілікке бөлмей, рухани жаңғыруға шақырар едім. Ардақтар аңсаған асыл армандарға ұрпақтар жетуі керек. Елге күлкі, есекке таң болмайық. Өзімізді өзіміз жарылқамасақ, сырттан келіп ешкім бізді жарылқамайды.

Ақсұңқар РАЙЫМБЕКҚЫЗЫ.