ҰСТАЗДЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – БАЛАНЫ ЖАҚСЫ КӨРУ

«Алтыным! Өмірді сүй! Адамды құрметте! Өзіңе сен! Көңіл отын тұтандыратын жағымды сөз, жақсы ой. Жымия түс, шаттана түс, өзгеге кінә артпай, айналаңа жақсылықпен қара».

Бұл қаратпа сөздермен өрілген жолдардың иесі мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қолынан түспейтін «Алтыным» жинағының авторы, өмірлік құндылық тақырыбында онға жуық кітаптар жазған белгілі қаламгер, педагог, сазгер, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар Академиясының профессоры Әкім Ысқақ болып табылады.

 

Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақ 1960 жылы 3-қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, Шымкент педагогикалық институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде жоғары білім алған.

Ол республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты (1985 ж), Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты (1989 ж), С.Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж.) атанған. Бұдан бөлек ол, 1992 жылы «Лениншіл жаста» жарияланған «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім бармысың?» атты өткір материалдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанған.

Шындығында Әкім ағамыз ауыз толтырып айтатындай керемет жетістіктерге ие болған тұлға. Қарапайым мұғалім болып жұмыс жасаған ол шығармашылық ізденісінің, өзін өзі тануының, қоғамдағы белсенді жұмысының арқасында отыздың ішіндегі жігіт шағында-ақ депутат болып сайланып, Парламенттің төрінен бірақ шыққан. Оның 1997 жылдың 13- желтоқсанында тұңғыш рет қазақ тілінде дайындаған жобасы қаншама кедергілерге қарамай, бір жылға жуық талқылаудан соң «Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қон туралы» заңы ретінде қабылданды. Заңның құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуден бөлек ең басты ерекшелегі қазақ тілінде жазылғандығы, төл тілімізде талқыға салынуы еді. Осылайша Әкім ағамыздың арқасында қазақ тілінде заң жазуға болатынына жол ашылды.

Ағамыздың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілігіне таңдай қағамын. Жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген «Көк тудың желбірегені», «Әдемі-ай», «Соңғы вальс», «Көңіл қымбат», «Іздеймін сені», «Жан әке» және т.б. әндердің авторы болып табылатыны соның жарқын мысалы.

Жуырда мектебімізде өмірі өнегелі ағамызбен кездесу кеші болып өтті. Жалпы Әкім ағамыздың «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты кітаптары мектеп мұғалімдері үшін бұрыннан таңсық емес. Әсіресе, республика мектептерінде, тәрбие орталықтарында «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығы ретінде қолданылып жүргені белгілі. Кездесу Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты, «Өзін-өзі тану» пәнінің ұстаздарынан құралған шығармашылық топтың және әдіскері Алтынай Кисабекованың ұйымдастыруымен өткізілді. Мақсат – Әкім ағамыздың шығармашылығымен тағы бір жақын таныса отырып, рухани азық алу.

Еркін форматта өткен кездесу барысында ол кісі жиналған қауыммен ашық сырласып, өзінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы әсерлі де мәнді әңгіме өрбітті.

Ол диплом алған соң, ауылдағы мектепте 10 жыл бойына физика, астрономия және еңбек пәндерінің мұғалімі болып қызмет еткендегі жинаған тәжірибелері туралы әңгіме тиегін ағытты. Ұстаздық еткен жылдарындағы оқушылар арасындағы тәрбие жұмыстары, психологиялық ауан, әр сыныптағы «ерке баланың» ерекшеліктері туралы тұжырымын ортаға салды.

Оның ұстаз ретіндегі мол мағынаға толы әсерлі әңгімелері біздің ұжымдағы қызметкерлерге бағдар алуға, игі бастама жасауға оң әсерін берері сөзсіз.

Ұстаздық еткен жылдарын еске алған кезде ардақты ағамыздың көзінен балаға деген ерекше мейірім, риясыз сүйіспеншілігін көру қиын емес. Бүгінге дейін ол өзінің шәкірттерімен телефон арқылы сөйлесіп, ғаламтор арқылы байланыста болатыны оның мектептің шамшырағы болған мұғалім екенін аңғартады емес пе?!

Иә, ағамыздың әрбір сөзінен ұлағатты ұстаз деген арда атқа кір келтірмеген абзал азамат болғаны байқалып тұр. Өйткені ұстаздың міндеті балаға бірінші білім беру емес, ең алдымен баланы жақсы көру. Сонда ғана білім жанданады.

Кітаптары адамның санасына сәуле шашатын қазынаға тең Әкім аға республикаға белгілі Ысқақтар ұстаздар әулетінің үшінші ұрпағы екен. Атасы Сұлтан Ысқақ Оңтүстік Қазақстан өлкесінде халық ағарту саласының белсенді ұйымдастырушысы, аймақта бірнеше мектептер ашқан, Қазақстанның еңбегі сіңірген мұғалімі болған. Ал әкесі Әбдіқайым Ысқақ білім саласының қайраткері, білім беру ісінің үздігі, Ордабасы ауданының Құрметті Азаматы атанған елге сыйлы ардагер ұстаз.

Осынау елге сіңірген еселі еңбегі зор адамдардың кіндігінен тараған текті азамат кездесуден соң ұстаздарға ризашылығын білдіріп, бірнеше кітабын қолтаңбамен сыйға тартты. Біздерге жақсы сөз арнап, игі тілек білдірді.

 

Мейрамкүл АХМЕТОВА,

Шымкент қаласындағы №55 жалпы орта мектебінің Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.