ХАЛЫҚҚА БАСШЫЛАРДЫҢ СӨЗГЕ ШЕШЕН, ІСКЕ МЕШЕЛ БОЛМАҒАНЫ ҚАЖЕТ
Ағымдағы жылдың 13-наурызында елімізде коронавирустың тырнағына іліккен алғашқы науқас тіркелді. Өзге елдерде асқынып, ауыздықтауға мұрсат бергізбей отырған бұл індет бой бермей кетпес үшін елімізде 16-наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен енгізілген төтенше жағдай режимі 15-сәуірге дейін белгіленді. Govid-19 індетінің таралуы шарықтау шегіне жетпегені ескеріліп, төтенше жағдай режимі 1-мамырға дейін, кейіннен 11-мамырға дейін ұзартылған.
11-мамыр күні елімізде төтенше жағдай режимі алынды. Бұл күнді ел халқы көп күтті. Себебі, қазақстандықтар үшін тәуелсіздік алған жылдан бастап карантин құрсауында отыруды алғаш рет бастан өткеру оңайға соқпады. Төтенше жағдай режимі алынған сол күні яғни, 11-мамырдағы жағдай бойынша елімізде коронавирус жұқтырған науқастар саны 5207, емделіп шыққандар 2074 адамды құрады. Сол күнгі статистикада індеттен 32 адамның қайтыс болғаны хабарланды. Одан бұрын сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус шарықтау шегіне жеткенде науқастардың саны 3500 адамнан аспауы тиістігі туралы мәлімдеген болатын. Былайғы жұрт министрдің сол кездегі мәлімдемесін негізге ала отырып, қауіпті кезеңді еңсердік деп арқаны кеңге салды. Алайда…
Маусым айынан бастап еліміздегі эпидемиологиялық ахуал алаңдатарлық халге жетті. Коронавирус індеті күн сайын көбейіп, көз жұмғандардың да қатары арта түсті. Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирусты жұқтырғандар саны 21327-ге жетті. Жазылып шыққандар саны 13008 адамды құраса, көз жұмғандар 183 адам. Бірқатар ақпарат құралдары симптомы жоқ «тасымалдаушыларды» қоса есептегенде елімізде коронавируске 37 966 адам шалдығып отырғанын жазуда.
COVID-19 дертімен қатар қазақстандықтардың ЖРВИ, тұмау, пневмания сырқатына шалдығу көрсеткішінің күрт көбеюі жығылғанға жұдырық болып отыр. Мұндай жағдай байқалған алғашқы өңірлердің бірі Түркістан қаласы еді.
Көп ұзамай Шымкентте де өкпе қабынуы, тұмау дерті дендеп, науқастар саны көбейе түсті. Олармен қоса коронавирусты жұқтырғандардың төмендемеуі де қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына апарды. Шымкент билігінің бетпе бет келген қиындықпен күрес жұмыстары кезінде көптеген келеңсіздіктердің беті ашылды. Олар қандай?
Біріншіден, көп жұрт дәріханаларда осы сырқаттарға қарсы дәрілерге қол жеткізуінің қиындап бара жатқанын алға тартуда. Сонымен қатар дәрі бағасының қымбаттап жатқаны туралы да желіде біраз адам жазба қалдыруда. Бұдан бөлек, ЖРВИ, тұмау, пневманияға шалдыққан науқастардың ауруханаға жатқызылуы мұңға айналып, талай адамдардың сабылып жүргені туралы жанайқайлар айтылып, биліктегілерге ренішін жеткізуде. Жедел жәрдемнің жедел болмай жатқаны, тіпті шақыртуларға келмегені жөнінде де шағымдар қарша борады. Ал билік бұл шағымдарға қандай уәж айтты?
Өткен аптаның жұмасында Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқынбаева журналистерге Шымкентте дәрі қоры жеткілікті екенін айтты. Тіпті «парацетамол жоқ» деген сөзді дақпырт деп, қалада аталған дәрінің жетерлік екенін яғни, 240 мың қаптамасы бар екенін айтып, нақты мәліметті келтірді. Дәрі қоры жеткілікті болса, «дәріханаларда дәрі жоқ» деген сөз қайдан шықты? Ләззат Қашқынбаева мұны қоймадағы тауарлар дәріханаға жеткізілген соң тез таусылып жатқанымен түсіндірді. Және ол дәріханаларда дәрілердің тез таусылуын ЖРВИ, пневмония және тұмау аурулары бойынша рецептсіз босатылатын дәрілерді жұрттың жаппай сатып алуымен байланыстырып, барлық келеңсіздікке халықты кінәлі еткізіп қойды.
Сонымен қатар ол, 2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 104-бұйрығымен 6191 дәрілік заттардың түріне шектеулі бағалар белгіленгенін, егер Шымкенттегі 730-ға жуық дәріхананың қайсыбірі осы шектеуді ескермей, дәрілердің бағасын негізсіз көтеретін болса айыппұл салынатынын ескертті. Осы ретте елімізде 7790-нан астам дәрілік зат тіркелгенін, оның ішінде 6033 препарат дәрігердің рецептісі бойынша берілетінін, ал 1759 түрі рецептсіз босатылатынын айта кетейік.
Іле, Шымкент қаласының тұрғындары дәріханалардағы дәрілік заттардың бекітілген шекті бағасынан асып кеткенін байқаған жағдайда 30-03-04, 21-23-37 бірыңғай байланыс нөміріне шағымдана алатыны туралы хабарлама таратылды. Бұл бірыңғай байланыс орталығы дәріханалардағы дәрі тапшылығы мен ондағы бағалардың негізсіз өсуіне қаншалықты тосқауыл қоятыны әзірге белгісіз.
Кешегі аптаның сенбісінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында журналистерге шаһардың эпидемиологиялық ахуалы туралы баспасөз брифингін өткізді.
Шымкент басшысы «қалада инфекциялық -650, провизорлы-1690 төсек орын бар. Бүгін 500 провизорлы орын ашамыз. Ал жексенбі күні 200, дүйсенбі күні 500 провизорлы орын ашылады. Сондай-ақ, 51 мекемеде 628 төсек-орындық күндізгі стационар аштық. Айта кетейін, осы күндізгі стационарларда науқастар тіркелген емханасы бойынша тегін емделеді. Халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін емханалардың жұмысын екі есе күшейтеміз»,- деді. Әкім мәлімдемесінен соң қандай жұмыстар жолға қойылды?
Сол күні біршама уақыттан соң ақпарат құралдары арқылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындардың енді үйден шықпай-ақ тіркелген мекен-жайы бойынша емханадағы дәрігерлерге хабарласуына болатыны (күнделікті 09:00-20:00 аралығында) мәлімделіп, қаладағы мемлекеттік емханадағы жауапты медицина мамандарының жұмыс және ұялы телефон нөмірлері ұсынылды.
Емханалардан ашылған күндізгі стационарлардың халыққа демалыссыз сағат: 8.00-20.00 дейін жедел медициналық көмектер көрсетіп жатқаны айтылды. Ал оларға қажетті дәрілер өз уақытында жеткізіліп жатқаны нақтыланды. Осы ретте қаладағы 26 мемлекеттік емханада 314 орындық, 25 жекеменшік емдеу орталықтарында 314 орындық күндізгі стационар жұмыс істеп жатқанын айта кетейік.
Сонымен қатар кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес «iKomek» орталығы ашылды. 109 телефон нөміріне қосылған орталық күніне инфекциялық ауруларға қатысты 3000 қоңырау қабылдауға қауқарлы.
Өткен тәулікте Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов қалада науқастарды емдеу үшін 2870 төсек-орын бар екенін, оның 650-і жұқпалы ауруханаларға, 2220-сы провизорлы орынға арналғанын, олардың 447-сі бос екенін мәлімдеп, науқастар үшін төсек-орынның жеткілікті екенін жеткізді. Бірақ алдағы уақытта да провизорлы орталықтар ашылатынын айтты.
Айтпақшы, Шымкенттің әкімі брифинг берген жиын ұйымдастырылған күннен бірер күн бұрын желіде жедел жәрдем қызметкерінің коронавируске шалдыққан науқасты инфекциялық аурухана қабылдамай жатқаны туралы видео түсіріп, оны желіге жүктеп жіберген еді. Содан соң Шымкентте болған бұл жағдай республика көлеміне таралып, жұрттың наразылығын тудырды. Билікке қарата түрлі даттар айтылды. Содан соң, келер күні қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы емдеу мекемелеріне келген науқастарға сапалы ем көрсетілуі үшін барлық жағдайдың жасалатыны жөнінде жоғарыдағыдай мәлімдеме жасады.
Айтпақшы осы брифингте әлгі жедел жәрдеммен жеткізілген науқасты инфекциялық аурухананың қабылдамай жатқаны туралы видеоның авторы Арман Хамзин де қатысты. Жедел жәрдем дәрігері болып табылатын ол желіге жүктелген видео туралы «науқас екі жақты пневмонияның ауыр түрімен ауырған, жағдайы нашар еді. Сол себепті оны ауруханаға жедел орналастыру қажет болатын. Осы уақытта жағдай ушықты. Науқастың халі нашарлай берді. Оның өміріне алаңдап, бейнероликке түсірдім. Содан көп ұзамай, мәселе шешіліп, науқасты қайда орналастыру туралы хабарлама келді»,- деп түсіндірді. Бірақ ол түсірілімнің дәл бұлай әлеуметтік желіде тез тарап, халықтың дүрліккенін қаламағанын айтты. Және де ол алдағы уақытта мұндай әрекеттер қайталанбайтынын жеткізе отырып, кешірім сұрады.
Адам өміріне араша түсуге барын салған Арман Хамзин өз ықтиярымен кешірім сұрап жатыр ма әлде жоқ па? Бұл сұрақтың жауабы бізге белгісіз. Шымкентте 1609 адам СOVID-19 жұқтырғанын, симптомсыз түріне шалдыққандары 1300 адамды құрайтынын, қайтыс болғандар 14-ке жеткенін айта кетейік.
P.S. Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы үш өңірдің әкіміне сөгіс берді. Олардың ішінде үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов бар. Әйтеновтың сөгіс алуы «халық айтса, қалт айтпайды» деген байламның бекер еместігін, жергілікті жұрттың осындай эпидемиологиялық жағдай кезінде денсаулық сақтау саласына қатысты өкпе реніштері мен уәждерінің шындықтың ауылынан алыс болмағанын білдіреді емес пе? Не де болса, Президенттің сөгіс беруі әкімнің осы саладағы оралымсыз тірліктерді реттеуге оң әсерін тигізеді деп сеніміз. Себебі, дәл қазір әкімнің сөзге шешен, іске мешел болмағаны халыққа да, қалаға да жақсы.
C. НҰРАЙ.