ДАУДЫҢ БАСЫ ДАЙРАБАЙДЫҢ СИЫРЫ…

Қазақ халқының біртуар тума талантты жазушысы Бейімбет Майлыұлының:

-Уа, кімсің?

— Ыбыраймын.

— Жаймысың?

— Жаймын.

— Қайдан келесің?

— Соттан келемін.

Соттан емес –ау, оттан келемін,-дейтін шындықты шымбайға батыратын шығарма желісі бүгінгі күні де өзінің мағынасы мен маңызын жойған жоқ. Бүгінгі нарық заманында көптеген Ыбырайлар өздерінің тұлғалық құқықтарын білмей сот үйі мен өз үйінің арасын шаңдатып жүр.

Бүгінгі қоғамда еңбек даулары деген мәселелер кездесіп тұрады. Малшы мен мал иесінің арасында, құрылыс иесі мен жеке шеберлер арасында «несін айтасың іргетасын қалатып алып ақшасын бермей қойды», «Кесегін құйғызып, тиемелді еңбекақымды төлемей қойды», «Басында бұлай келіспеген едік» деген сөздерді жиі естиміз. Ақыр аяғы қолында екі жақты келісім шарты болмаған соң сотта әлсіз, жәбірленуші тарап көбіне жеңіліп жатады. Екінші бір мәселе осындай жағдайлардан зардап шегуші азамат келесі жолы да әлдекімдерге арандап күйіп қалмау үшін келісім шартқа отырайық деп қожайындарға немесе жұмыс берушілерге өтініш айтатын болса, олар: «бізге сендей заңқойлар керек емес. Келісім шартсыз да істейтіндер толып жатыр» деп маңына жолатпайтын жағдайлар да кездеседі. Осыорай да Созақ аудандық сотында «Еңбек дауларын сотқа дейін реттеу және оның алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстел қашықтықтан виртуалды түрде өткізілді. Іс шараға аудандық соттың судьялары, прокуратура, адвокатура, жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері, мемлекеттік еңбек инспекторы, кәсіподақ ұйымының төрағалары және кәсіби медиаторлар қатысты. Жиынды сот төрағасы Нұрқазы Шетенов ашып, өз сөзінде еңбек дауларын сотқа дейін реттеу және оның алдын алудың тиімділігі бойынша алгоритмді түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізіліп отырғанын жеткізді. Алгоритм негіздемесі бойынша татуластыру рәсімдерінің еңбек дауларындағы тиімділігі бойынша судья Бекжан Сағынтаев пен еңбек инспекторы Мадияр Баяндиев баяндама жасап, баяндамасында медиация рәсімі, ол-жанжал тараптардың өзара тиімді келісімге және консенсусқа жетуге негізделгенін және еңбек дауларында медиацияны қолданудың тиімділігі мен артықшылықтарын жеткізді.

Сонымен қатар жиынға қатысушы Созақ ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков пен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы ҚБ-нің төрағасы Мыңжасар Асқаров алгоритмге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын келтірді.

Шара барысында, «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін» салық органдары мен Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпараттық жүйелерімен біріктіру, еңбек дауларын медиатордың қатысуымен сотқа дейінгі дауды реттеу мәселесін еңбек шарттарының талаптарына енгізу, еңбек даулары медиациясына маманданушы медиаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында медиаторларды оқытуды ұйымдастыру туралы ұсыныстар түсіп, қатысушылар тарапынан мақұлданды.

Ұсыныстар қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, мақұлданды.

Сондай-ақ, жиын барысында Созақ ауданы әкімінің жанынан құрылған жұмысшы тобының (Консультативтік Кеңес) еңбек дауларының алдын алу жөніндегі алгоритмі талқыланды. Жұмысшы тобына еңбек дауын шешу барысында атқаратын жұмыстарына бағыт-бағдар берілді.

Айта кетерлігі, 2019 жылы Созақ аудандық сотына еңбек дауына қатысты 10 іс қарауға түскен болса, 2020 жылдың 5 айында 4 іс қаралды.

Іс-шара нәтижесі бойынша жиынға жиналғандар еңбек дауларының алдын алу және оларды сотқа дейінгі реттеу алгоритмін жұмыс барысында басшылыққа алу, еңбек дауларына татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдануды насихаттау жұмыстарын жалғастыру туралы тұжырымға келді.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.