КЕЛЕСТЕГІ ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛ ДӘНГЕ ТОЛУДА
Елімізде астық ору науқаны Түркістан облысынан бастау алды. Кешегі аптадан бастап Келес ауданындағы «Ошақты» өндірістік кооперативі 150 гектарға егілген бидан өнімін оруға кірісіп кетті.
Өндірілген өнім Бірлік ауылындағы қоймаға жайғастырылуда. Кооператив иесі Маханбет Қожағұловтың көңілі тоқ. Себебі, биыл ауданда жауын-шашынның көп болмағанына қарамастан, алқаптағы астық бітік шыққан. Ол мұны топырақтың құнарлы болуымен байланыстырады. Және де шаруашылықта жер жырту, тұқым себу және жерді өңдеу секілді жұмыстардың уақытында қолға алынғанымен сабақтастырады. Диқандардың «көктемнің әрбір күні жылға азық екенін» жете түсініп, дер кезінде әрекет етуінің арқасында қазіргі таңда Келестегі қырман қызыл дәнге толуда. Агротехникалық талаптарды тиянақты атқарған ірі шаруашылықтар қазір егістіктің әр гектарынан 30-35 центнерге дейін өнім жинауда.