АВТОБУС ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ШЕКТЕЛУІ АУРУДЫ АУЫЗДЫҚТАЙДЫ

Мамандар адамдардың қоғамдық көліктерде коронавирус індетін жұқтыру қаупі жоғары болатыны туралы бірнеше рет мәлімдеме жасағаны белгілі.

Осыған орай Шымкенттегі қоғамдық көліктерде тиісті сақтық шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес азаматтарға 76 бағыт бойынша қызмет көрсететін 1047 қоғамдық көліктер күніне екі рет (таңертең және кешке) автобаза аумағында дезинфекциялаудан өтуде. Бұдан бөлек, қала бойынша 4 мыңнан астам аялдамаға да залалсызданыру жұмыстары жүргізілді.

 

Бірақ індеттің таралуына тойтарыс беру залалсыздандыру жұмыстарымен ғана шектеліп қалмайтыны, тұрғындардың да қауіпсіздік талаптарды қатаң сақтауы қажеттігі айдан анық. Осыған орай сала мамандары қоғамдық көліктерде маскалық режимнің сақталуын талап етіп, азаматтардың автобуста бетпердемен жүруін ескерткен болатын. Бірақ бұл ескертудің орындалуы ала-құла болды.

Соңғы күндері короновирус дертін жұқтырғандар саны артып барады. Ауру көрсеткішінің күн сайын көбеюі Шымкент қаласында да байқалғаны белгілі. Мамандар адамдардың барлығы бірдей COVID-19 дерті бойынша тиісті қорғаныс талаптарын дұрыс сақтамауы жығылғанға жұдырық болғанын айтуда. Оған нақты мысал ретінде қаладағы қоғамдық көліктерде жолаушылардың көпшілігінің бетпердесіз жүріп-тұруы тілге тиек етілуде. Осыған орай жолаушыларға сан рет ескертулер жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенмен, автобусқа мінген жұрттың жүз пайызы ортақ тәртіпке мойынсұнбағанын талай көз көріп, құлақ естігені жасырын емес.

Өткен бейсенбіде қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр Шымкентте 22-маусымға дейін белгіленген карантин мерзімі тағы да 6-шілдеге дейін ұзартылғанын мәлімдеген кезде, қоғамдық көліктер қозғалысына да шектеулер енгізілетінін айтқан болатын. Соған сәйкес, 20-маусымнан бастап Шымкентте сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылды. Ал аптаның басқа күндерінде автобустар жүреді. Бірақ олар жолаушыларға таңғы сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін және түстен кейін сағат 17:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ғана қызмет көрсететін болады.

Өз кезегінде Ербол Әбілхайырұлы қоғамдық көліктер жұмысына шектеу шараларының енгізілуін «Арнайы топпен қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарды аралап шықтық. Өкінішке қарай сақтық шаралары дұрыс сақталмаған. Мұның бәрі қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты демалыс күндері қаланың күнделікті өміріне қажетті нысандардан басқа нысандар жұмысын тоқтатады. Яғни, сенбі, жексенбі күндері барлық азаматтар өз отбасымен үйлерінде отыруы керек. Егер біз осындай шараларды сақтамайтын болсақ, коронавирусты ауыздықтау мүмкін емес»,-деп түсіндірді.

Жыл басынан бері бүгінге дейін Шымкентте коронавирустың таралуына барынша тосқауыл қою мақсатында қоғамдық көлік қозғалысының шектелуі екінші рет қолға алынып отыр. Бұған дейін 19-сәуірден бастап қалада қоғамдық көліктердің жүруі уақытша тоқтатылып, 12-мамырда қайта жүрген болатын.