САРЫАҒАШ КӨШ БАСТАДЫ
Сарыағаш ауданының шаруалары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің көңілінен шықты. Былтыр аймақ басшысы осы ауданға жасаған кезекті сапары кезінде шаруа қожалықтарына егістік жерден жылына 2-3 өнім алу жоспарын іске асыруды тапсырған болатын. Әкім айтқан тапсырма аяқсыз қалмады. Бүгінгі таңда диқандар ерте көктемде еккен бірінші өнімін жиып-теріп отыр.
Нәтижесінде 36704 тонна картоп, орамжапырақ, қызанақ, қияр жинап алынды. Осылайша сарыағаштық диқандар қажырлы еңбегінің арқасында аймақ басшысының оң бағасын алып қана қоймай, облыс бойынша «бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын іске асыруда көш бастады.
Ендігі кезекте 379 шаруа қожалық иелері 860 гектар жерге 2-ші өнім егу жұмыстарын жүргізсе, қалғаны қызу дайындық жасауда. Жоба аясында жұмыс жүргізуге жалпы 399 шаруа қожалығы ниет білдіріп, көлемі 917,6 га болатын егістікте инновациялық жобалар іске асырылуда.
Ауданда бір жерден екі үш өнім алумен қатар, үй іргелік жерге тамшылатып суару әдісін қолдану жобасы да сәтімен іске асып келеді. Бұл жобаның жүзеге асуы Дербісек және Жемісті ауылдық округтеріне қарасты ағын суы жоқ елді мекендерде қолданылуда. Жобаға қатысушы әр азаматқа мемлекет тарапынан 555 мың теңге көлемінде қаржылай грант бөлінген.