ШӨКЕЕВ ҚАНДАЙ ШАРУАҒА БІЛЕК СЫБАНА КІРІСУ ҚАЖЕТТІГІН ШЕГЕЛЕДІ
Бір жерден екі-үш өнім алу тәжірибесі –ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басым бағыттарының бірі. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев былтырдан бері күнгей диқандарына осы талаптың үдесінен табылуды тапсырып келеді. Одан нақты нәтиже шығарып жатқан шаруалар жетерлік. Алайда тиімді тәсілді жүзеге асыруда сылбырлық танытып жатқандары да бар.
Жобаның тиімділігі – 1 га жерден жылына 6-7 млн. теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік беретіні болып отыр.
Осы аптада аймақ басшысы «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруда Сарыағаш, Түлкібас, Жетісай, Отырар, Келес аудандары көш бастап тұрғанын айтты. Ал Бәйдібек, Төлеби мен Шардара аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр.
Саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланған кезекті мәжілісте аймақ әкімі осы мәселені айта келе, тиісті жұмыстарды пысықтауды тапсырды.
Оған дейін де аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша еңбек өнімділігін дамыту үшін үш негізгі бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыруды атап өткен болатын.
Бірінші бағыт агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу, екінші бағыт кооперативтерге бірікпейтін 2-3 га жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру, үшінші бағыт жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру болып табылады.
Осыларды алға тартқан аймақ басшысы жауапты мамандарға осы жұмыстарды ары қарай дамыту жолдарын қарастыруды міндеттеген.
Соның негізінде облыста бірқатар жұмыстар қолға алынғаны да белгілі. Мәселен, бірінші бағыт бойынша, Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылып, қурап, бос жатқан жерлерге су келе бастағанын бұған дейін де хабардар еткенбіз. Өмірақ Естайұлы бұл бағыт бойынша жаңбырлатып суғару технологиясын кеңінен ендіру қажеттігінің маңызы зор екенін, жауапты мамандар осыған білек сыбана кірісу керектігін шегеледі. Ал «Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы» ірі, орта шаруашылықпен айналысатындар үшін де, үй іргесіндегі жерлер үшін де тиімді. Аймақ әкімі не тал жоқ, не егіс жоқ бос жатқан жерлері бар кейбір аудандар осы жоба бойынша жұмыс істеу керектігін баса айтуда. Және де ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіруде жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру қажет. Бұл тәсіл Израиль мемлекетінде кеңінен қолданысқа енгізілген.
Өз кезегінде бұл мемлекет ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, экспорттаудан үздіктер қатарында болып табылады.