ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫ ӨНІМІНІҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ ЭКСПОРТТАЛАДЫ
Елімізде қуаттылығы мол трансформаторлар шығарумен айналысатын бірден бір өндіріс орны «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы өнімінің тең жартысы Әзірбайжан, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан сынды әлемнің 14 еліне экспортталады.
Заманауи үлгідегі трансформаторлар дайындалатын алпауыт компанияда жылына 28 млрд. теңгенің өнімі шығарылады. Кәсіпорын көбіне электромеханика жабдықтарын жасайды.
Алпыс жылдан асқан тарихы бар алып зауытта 1200-ден астам маман жұмыс істейді. Олардың барлығы жергілікті жердің азаматтары. Моноқала мерейі болып саналатын кәсіпорын үшін кадрлардың қабілеті зор маңызға ие. Осы бағытта зауыт жанынан кәсіби колледж құрылған. Онда дайын мамандар даярланады. Сонымен қатар маман тапшылығы өндірістегі істің тұралауына себеп болмас үшін кәсіпорында кадрлық қор әзірлеу назарға алынған.
Кәсіпорында мамандарға қойылған талап қатал. Тиісінше өз ісін ілгері жүргізе білгендер үшін де қамқорлық пен қолдау күшті. Зауыттың басқарма төрағасы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшесі Хайрулла Қожабаев өндіріс орнындағы отбасын құрған жастарға, сәбилі болған жанұялар мен әлеуметтік жағдайы төмен жандарға әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, компания атынан соңғы 10 жылда зауыт қызметкерлеріне 248 үй берілген. Осындай мақсатта өндіріс орны биыл 40 пәтерлі үй салу үстінде. Баспаналарды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек жас мамандарды қолдау үшін 500 орындық жатақхана салынуда екен.
Сондай-ақ, Хайролла Қожабаев, кәсіпорынды жаңа техникамен жарақтандыру және жаңа өнім шығару жұмыстары да басты назарда екенін алға тартады.
Кәсіпорын былтыр Түркістан облысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясына ие болған.