ӘЛ-ФАРАБИДЕГІ АУЛАЛАРҒА ӘР КІРУДЕ

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданындағы бірқатар құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

 

Бүгінде аталған ауданда 100 балалар алаңшасы салынып жатыр. Алаңшалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынуда. Халықтың әлеуметтік өмірін жақсартуда үлкен мәнге ие бұл жұмыстарға тұрғындарда дән риза. Соның бірі «Қарасу» шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйдің төрайымы Людмила Розанова болып табылады. Ол тұратын үйдің ауласында балалар алаңшасының болмағанына отыз жылдан астам уақыттың жүзі болыпты. Ойын алаңшасы былай тұрсын, кіре беріс аумақта аяқ бүгіп отыратын орындықтардың қирап, жарамсыз болып қалғанына да бірнеше жыл болған. Енді ол күндер артта қалды. Бүгінге ол кісінің ауласы жарасымды күйге еніп отыр. Ол өз қуанышын жеткізіп, қала басшылығына тұрғындар атынан алғыс білдірді.

Өз кезегінде қала әкімі балалар алаңшасын салып жатқан мердігер мекеме басшыларына сапаға айрықша мән беруді шегеледі. Және де тұрғындардың үйде отырғанын ұтымды пайдаланып, құрылысты қарқынды жүргізуді тапсырды. Ерекше айта кетерлік жәйт балалар алаңшасын салу үшін қолданылып жатқан құрылыс материалдарының барлығы отандық өнімдер болып табылады. Қарапайым ғана ойын алаңшасына қолданылатын резеңке төсеніштің өзі Шымкенттен шығарылады.

Бүгінде Әл-Фараби ауданында 672 көпқабатты тұрғын үй алдында 400 аула бар. Оның басым бөлігіне балалар алаңшасы салынған. 161-іне қажеттілік туындаған. Осыған орай, мемлекеттік және жекешелік- әріптестік аясында биыл аудан бойынша 100 балалар алаңшасы салынуда. Қалғанының құжаттары қаралуда. Бұған қоса биыл бюджет есебінен спорт алаңшалары да жөнделмек.

Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов балалар алаңшасының кепілдік мерзімі үш жыл мерзімді қамтитынын, сол уақыт ішінде қандай да бір ойын жабдықтары бүлініп, бұзылатын болса, мердігер мекеме келіп, жүйелі түрде жөндеп отыратынын жеткізді. Сонымен қатар ол, ауданда 15 гүлзар мен аллея салу жұмысы да қарқынды жүріп жатқанын алға тартты.

Сапар барысында қала әкімі А.Асқаров көшесіндегі бірқатар көпқабатты үйдің ахуалымен танысты. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғаны қасбеттерінен-ақ көрініп тұрған ол үйлерге сараптама жүргізуді жүктеді. Қажеттілік болса, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жауаптыларға тапсырды.