«БҰЛ ҚАДАМ СЕНІМГЕ ИЕ БОЛУДЫҢ ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІГІ»
Қала әкімі шаруасын шала істеген мердігер компания басшысына не деді?
Осы сәрсенбіде Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданындағы №18, 19 көпқабатты үй тұрғындары үшін қала әкімімен бетпе бет кездесудің сәті түсті. Қала басшысы Мұрат Әйтеновтың аталған үйге бет алуының өз жөні бар еді. Себебі, 2016 жылы бой көтерген бұл тұрғын үйлердің қасбеттерінің әрі кеткен. Кезінде оның қабырғаларына тиісті сырлау жұмыстары жүргізілген. Бірақ жұмыстың сапасыз орындалғанынан ба әлде құрылыс материалдарының жарамды мерзімінің уақыты өткенінен бе кім білсін, сылағы жауын -шашынға шыдас бермей түсе бастаған. Бұл олқылық осы жылы емес, бірнеше жыл алдын байқалған. Бұған шамданған тұрғындар әкімдікке бірнеше рет шағымдарын айтып, шала тірлікті ретке келтіруді сұрап келген.
Бұл жолғы кездесуде де тұрғын үйдің тұрғындары қала әкіміне шағымдарын жеткізді. Өз кезегінде қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы «Қазір сала мамандарымен және осы үйдің құрылысын жүргізген мердігер компаниялармен кеңесіп, үйдің сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізудің түрлі жолдарын қарастырып жатырмын. Бұл үйлердің сыртын жөндеп береміз. Себебі, оның сыртының бұлайша күйге ұшырауы тұрғындардың емес, мердігердің қателігі. Сабырлық танытыңыздар»,-деді.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов бұл үйлердің құрылысын алматылық құрылыс компаниясы жүргізгенін алға тартады. Мердігер мекеменің тұрғын үйлер үшін кепілдік мерзімі 5 жыл. Яғни, кепілдік мерзімі аяқталмаған. Сондықтан да олар олқылықты тез ретке келтіруге міндетті. Алайда ол компанияның жұмысын уақытша тоқтатқаны, атқарылатын жұмыстардың тұралауына өз әсерін тигізуде. Бірақ мердігер мекеме жұмысын тоқтатқанмен, заңды түрде банкрот деп танылмаған екен. Осыны негізге ала отырып, қалалық құрылыс басқармасы мердігер мекемені сотқа берген. Мамандандырылған сот құрылыс басқармасының пайдасына шешім шығарып, мердігер мекеменің тұрғын үйдің қасбеттерін қалпына келтіріп беруі тиістігін міндеттеген.
«Нұрсәт» шағынаудандағы тұрғындардың керін киіп жүрген шымкенттіктер аз емес. 2016 жылы «Асар» шағын ауданында 5 қабатты 30 үй бой көтерген. Сол үйлердің салынғанына 5 жылдың жүзі болмаса да, бүгінде олардың көпшілігінің сыртқы қасбеті бұзылып, көркі қашып тұрғаны әуелгі сөзіміздің жарқын мысалы. Осы мәселені қала басшылығының алдына тұрғындар бірнеше рет көлденең тартқан. Сол кезде қала әкімі бұл ретсіздікті демеушілер есебінен жөндеп беруге уәде беріпті. Жұмысты мердігер мекемеге міндеттейін десе, нысанның кепілдік мерзімі өтіп кеткен.
Бірақ қолға алынған жұмыстың нәтижесінде сол үйлердің ірге тасын қалаған «АҚ ордасы» компаниясы өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Жөндеу жұмыстарының барысымен танысу үшін арнайы келген қала әкімін тұрғындар зор ықыласпен қарсы алды. Олар осындай жұмыстың орындалуына ықпал еткені үшін әкімге алғыстарын білдірді. Өз кезегінде қала басшысы «АҚ ордасы» компаниясының бұл қадамы халық сеніміне ие болудың тағы бір мүмкіндігі екенін баса айтып, тиісті жұмыстарды алдағы Қала күні мерекесіне қарсы аяқтауды тапсырды.