ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 9 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Жыл соңына дейін Шымкентте 9 мектеп пайдалануға беріледі. Оның үшеуі 1200 орындық жаңа мектеп болса, бесеуі 300 орындық қосымша құрылыс.

Тағы біреуі 100 орындық саз мектебі. Осы аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов жұмысы ауқымы 1200 орынды білім ұяларының құрылысымен танысты.

Қала басшысы алдымен Арғынбеков көшесінің бойынан салынып жатқан 1200 орындық мектептегі құрылыс барысын көрді. Бүгінде «Атамекен корпорациясы» құрылысын жүргізіп жатқан ғимараттың қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Жалпы аумағы 3 гектар жерге орналасқан мектептің құрылысына 1 млрд. 900 млн теңге қаралған. Мердігер компания нысанды қыркүйек айында тапсыруды жоспарлап отыр.

Одан соң қала әкімі бастаған жұмысшы топ «Асар-2» шағын ауданында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектепке барды. Іргетасы қаңтар айында қалана бастаған білім ошағы жоспар бойынша желтоқсанда аяқталуы тиіс. Коронавирустың пандемияға ұласып, елде төтенше жағдайдың жариялануы тиісті жұмыстардың ырғақты жүруіне кері әсерін тигізбей қоймапты. Мердігер мекеме «МК технострой сервис» компаниясының өкілдері барлық аумақтарда жарияланған карантин режимі ғимараттың сыртқы қасбетіне қойылатын керамогранитті көрші Ресей елінен жеткізу қиынға соқтырып отырғанын алға тартты. Ал Мұрат Әйтенов болса, аталған өнім түрін алыстан алдыртпай-ақ, оны отандық өніммен алмастыру туралы ұсыныс білдірді.

Содан кейін қала басшысы «Самал-3» шағын ауданындағы №6 емхана маңынан бой көтеріп жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты. Мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Тиісті мамандар бірер күнде білім ошағын қабылдайтын болады. Қыркүйекте мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Мектеп құрылысы үшін бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлінген.