АБАЙ АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА
Шымкент қаласы, Абай ауданында орталықтан шалғай жатқан елді мекендердің барлығы қалаға іргелес орналасқан Түркістан облысындағы аудандардан қосылған. Биыл сол елді мекендердегі топырақ жол мәселесі толық шешімін табатын болады.
Апта ішінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысу кезінде осылай деді.
Бүгінде аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту көрсеткіші көңіл көншітпейді. Тіршілік нәрімен тұрғындардың 78,5% қамтылған. Бұл бағытта нәтижелі мақсаттарға жету үшін тиісті жұмыстар жүруде. Атап айтқанда, 5 тұрғын алапты ауыз сумен қамтитын магистралды су жүйесінің құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, «Жаңаталап», «Қызылжар», «Игілік», «Тәуелсіздікке — 20 жыл», «Көкбұлақ», «Ынтымақ-2», «Солтүстік саяжай» елді мекендеріндегі 7 мыңнан астам үйге су жүйелерін тарту жұмыстары атқарылуда. Бұл жоспарлы жұмыстар аяқталып, нысандар ел игілігіне берілетін болса, аудан халқының ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 86 пайызды қамтитын болады.
Ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар осымен түгесілмейді. Биыл бюджеттен бөлінген 1 099,6 млн. теңгеге 49 көше жөндеуден өтуде. Сонымен қатар 637,4 млн теңгеге 41 балалар алаңшасының құрылысы жүруде. Қазынадан қаралған 131,5 млн.теңгеге 8 спорт алаңы орнатылуда. Аталған нысандардағы құрылыс барысын бақылаған Мұрат Дүйсенбекұлы сала басшыларына оның сапасын әрдайым бақылауда ұстауды тапсырды.
Жұмыс сапары кезінде Мұрат Дүйсенбекұлы:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мән беріп отыр. Биыл қазынадан миллионды қалаға 440 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл инфрақұрылымды жақсартып, барлық саланың әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Қаралған қаражат мақсатты игерілуі қажет. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді қаланың дамуына жұмсап отырмыз, — деді.
Сапар аясында М.Әйтенов Водопьянов көшесінде өткен жылдың маусым айында өртенген 45 пәтерлі жатақхананың орнына салынып жатқан 85 пәтерлі үйдің құрылысымен танысты. Қала басшысы аталған нысан бойынша тапсырыс беруші болып табылатын «Шымкент» ӘКК» АҚ мен мердігер «Отау Строй» компаниясына құрылыс жұмыстарын 19-маусым – Қала күніне орай аяқтап, баспана кілтін тұрғындарға уақытынан ертерек табыстауды жүктеді.