ДӘРЕМЕТ КӨРСЕТКЕН ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ДЕМЕУШІЛЕР ЕСЕБІНЕН СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ

Шымкентте коронавируспен күрес кезінде денсаулығына қауіп төнген азаматтардың өмірі үшін аянбай еңбек етіп жүрген 500-ден астам медицина қызметкеріне қосымша сыйақы берілді.

 

Ол қаржы мемлекет есебінен емес, демеушілер тарапынан жиналған 25 млн. теңге есебінен табысталды. Ересен еңбектері үшін берілген сыйақы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен №2 қалалық аурухана қызметкерлеріне берілді. Сыйақыдан «Мейірім» және «Атамекен» оңалту орталығында карантин режимінде тоқтаусыз еңбек етіп жүрген медицина мамандары да тыс қалмады.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавируспен күрес жолында табанды еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында 2126 медицина мамандарына үстеме ақы төленген болатын.

Соған сәйкес, бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істеген 24 қызметкерге 8,749 млн., екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге және өзге де 977 медицина мамандарына 294,848 млн. теңге бөлінген. Ал, үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 1126 медицина маманына 91,166 млн. теңге қаражат қаралған.

Үстеме ақы алғандар қатарында жансақтау бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері бар-тын. Сондай-ақ, провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем көліктерінің жүргізушілеріне де үстеме ақы төленген.