ӨТЕМАҚЫҒА ӨТІНІМ БЕРУ ЖАЛҒАСУДА

Шымкентте төтенше жағдайға байланысты коммуналдық қызметтер үшін берілетін 15 мың теңге өтемақыны алу үшін арнайы құрылған communalkomek.kz сайтына 21- сәуірден бастап 22 390 өтінім келіп түскен.

Келіп түскен өтініштердің ішінде 14 773 азаматтың дербес шоттарының сәйкестігі арнайы деректер арқылы тексерілген. Нәтижесінде 7 255 азаматтың өтінімі мақұлданған. Дербес шоттары анықталмаған 7518 азаматтың өтініштері қабылданбаған.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен онлайн-брифингте қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов мәлімдеді.

Коммуналдық қызметтер шығыны үшін берілетін 15 мың теңге өтемақы 1, 2, 3 топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, жалғызбасты зейнеткерлер санатындағы азаматтарға берілетіні айтылған.

Аталған санаттағы азаматтардың электронды түрде өтінімдерді жолдауы алдағы уақытта да жалғасын табатыны белгілі. Өткен аптада қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек алдын ала есеп бойынша Шымкентте 15 мың теңге өтемақыны алушылар саны 100 мыңнан астам адамды құрайтынын хабарлаған болатын.

Сонымен қатар ол, коммуналдық қызметтерді төлеу үшін ашылған дербес шот өтінім берушінің атымен сәйкес келуі қажеттігін баса айтқан. Соған қарамастан қазіргі таңда пәтер жалдап тұратын көптеген азаматтар коммуналдық қызметтер үшін берілетін 15 мың теңге өтемақының неге өздеріне берілмейтіндігі туралы сұрақтарды жиі алға тартуда. Сондай-ақ аталған көмекке қол жеткізудің механизмін сұрайтындардың да қатары аз емес.

Осы жәйттерді басшылыққа алып, және тұрғындарға дер кезінде нақты әрі тұщымды жауап беру мақсатында осы аптада Шымкентте коммунаддық төлем бойынша Call-орталық құрылды. Орталық таңғы 09:00 мен 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. 15 000 теңге көлеміндегі коммуналдық төлемге қатысты сауалдар болса, 8(7252) 39-23-68 нөміріне хабарласуларыңызға болады. Оған қоса, қалада волонтерлер арқылы «Ізгілік» Call-орталығы жұмысын жалғастыруда.

Байланыс нөмірлері:

Абай ауданы: 8-778-171-00-28, 8778-471-10-45

Еңбекші ауданы: 8-778-171-00-37, 8-778-171-00-47, 8-778-471-10-29

Әл-Фараби ауданы: 8-778-171-00-56, 8-778-171-00-51, 8-778-471-10-57

Қаратау ауданы: 8-778-171-00-76, 8-778-171-00-26, 8-778-471-10-49.