276-ОРАМ ТҰРҒЫНДАРЫ ТОПЫРАҚ ЖОЛМЕН ЖҮРІП ТАУСЫЛМАЙДЫ
Шымкентте аты қала болғанмен, инженерлік инфрақұрылымы жоққа тән шағынаудандар жетерлік. Олардың барлығы кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қала территориясына қосылған елді мекендер болып табылады.
Қала территориясына қосылған сол 41 елді мекенде мәселелер жетерлік. Жаздыгүні шаң тозаңға шомылдырып, күз, қыс мезгілдерінде лай батпаққа батыратын топырақ жолдар ондағы тұрғындарды толғандырған негізгі мәселенің біріне айналғаны қашан.
Былтырдан бері қала билігі 2020 жылы Шымкенттің шеткі аумақтарына тән осы проблеманы биыл түпкілікті шешіп, топырақ жолдар болмайтыны туралы бір емес, бірнеше рет айтқан болатын.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Сәуле» шағынауданына қарасты 276-орамда болып, ондағы тұрғындарға осы бағыттағы мәселеге білек сыбана кірісетіні туралы уәделі мәлімдеме жасады.
Барлығы 700-ден астам халық тұратын бұл орам жоғарыда айтып өткен қала құрамына енген 41 елді мекеннің бірі.
Осы жылы орамдағы 6 топырақ көшеге тас төселеді. Тиісті жұмыстар мамыр айында басталады.
Сәл шегініс жасасақ. Әуелгіде бұл аумақта топырақ жолдың өзі жоқ болатын. тұрғындар ауыз су тартылмағандықтан, тіршілік нәрін тасып ішетін. Сапалы жарық та қолжетімсіз еді. Ал қазіргі таңда ол жерге электр бағаналары тартылған. Былтыр орамға демеушілер есебінен ауыз құбыры тартылды. Аудан әкімі Ғабит Мәуленұловтың араласуымен орындалған бұл игі іске тұрғындар дән риза болды. Енді тас төселмей қалып кеткен көшелер де тіркеуге алынып, тиісті жұмыстар қолға алынатын болады.