«BIRGEMIZ»: ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы еліміз бойынша қаржылай көмек алған отбасылар саны 150 мыңға жуықтайды.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мұқтаж отбасыларға жәрдем беру мақсатында құрылған қор арқылы қаржылай көмекке ие болғандардың қатарында Шымкент тұрғындары да бар.

Қолдау шараларының бірінші кезеңінде аталған көмекке Шымкент қаласы бойынша 21 864 отбасы қол жеткізді. Көмек көлемі 50 мың теңгені құрады. Ол ақша азаматтардың жеке есеп шотына аударылды.

Апта ішінде «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы 50 мың теңге көмек берудің екінші кезеңі басталып кетті. Бұл жолы көмекке ілігетіндердің саны 19766 отбасыны құрайды. Ағымдағы жылдың 28-сәуіріндегі көрсеткіш бойынша 11 904 отбасы мүшелерінің жеке есеп шоттарына қордан 50 мың теңге аударылды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов апта соңына дейін тиісті қаражат тізімдегі барлық азаматтардың есеп шоттарына түсетінін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, «Birgemiz» қорынан берілетін 50 мың теңге қаржылай көмек ел тұрғындарының барлығына берілмейді. Ол тек әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, бірінші топтағы мүгедектер, мүгедек бала күтімімен отырған жандар, зейнетақысы төмен және аз қамтылған зейнеткерлер, жетім балалар, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері санатындағы азаматтарға төленеді.

Мақсат айқын – ел басына күн туған шақта мұқтаж азаматтардың тұрмыстық жағдайына қолдау көрсету болып табылады.