ЕҢ КЕРЕКТІ АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ БАҒАСЫН КӨТЕРГЕНДЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

Осы аптада Шымкент қаласы әкімдігі әлеуметтік маңыздағы азық-түліктер белгіленген шекті бағадан аспауы қажеттігін (авт. инфографикада көрсетілген) бір емес, бірнеше рет ескертті.

Және де тек ірі сауда желілері емес, қаладағы азық-түлік дүкендерінің барлығы да осы талапты қатаң сақтауы керектігін, егер бағаны асырған жағдайда олардың иелеріне ескертусіз-ақ 100 немесе 200 АЕК көлеміндегі айыппұл салынатынын қадап айтты.

Бірақ бұл дүкен сөрелеріндегі әлеуметік маңыздағы азық-түлік өнімі түрлерінің барлығы белгіленген шекті бағадан аспауы қажет деген міндет емес. Мәселен, әкімдік бекіткен макорон бағасының бір келісі 212 теңге болса, дүкендегі рожки өнімдерінің арасында ең болмағанда бір түрі сол бағада сатылуы тиіс. Яғни, тұтынушыларға ең керекті азық-түлік өнімдерінің кемі бір түрі шекті бағада қол жетімді болуы қажеттігін қамтамасыз етуі қажет.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бұл талапты сақтамаған кез кеген кәсіпкерлерге айыппұл салынатынын айта келе, «Осы бағытта дүкендердегі бағаны бақылайтын 4 мобильді топ құрылды. Олардың құрамында атқарушы орган өкілдерімен қатар, құзырлы орган қызметкерлері де тартылған. Жалпы қалада 1900-ден астам азық-түлік дүкені бар», — деді.

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар 9 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін Шымкент қалалық әкімдігі мен «GraMad Retail» ЖШС арасында келісім шарт түзілген.

Келісім негізінде серіктестік өзінің 2 супермаркетінде тұтынушыларға азық-түлікті белгіленген бағада босатуда. Қазіргі таңда аталмыш серіктестіктің қоймасында азық-түлік қоры жеткілікті. Енді «GraMad» супермаркетіне «Magnum», «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар.

Оған қоса «GraMad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарларда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.