ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ – ШАРАСЫЗДЫҚТАН САҚТАЙДЫ

Өкінішке орай коронавирус індетін жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп барады. Аурудың белең алуын барынша шектеу мақсатында карантиндік режим енгізілген Шымкентте шектеу шаралары тағы да күшейтілді. Шектеу шараларын күшейту туралы қалалық бас санитариялық дәрігерінің 18-сәуір күнгі №11 Қаулысы шығарылды. Аталған қаулы Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету туралы өңірлік комиссияның 17.04.2020 жылғы №12 хаттамасы негізінде шығарылды. Соған сәйкес, қалада 19-сәуір сағат 00:00-ден бастап 1-мамыр сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізілді.

 

Шымкентте карантиндік шараларды күшейту бағытында қолға алынған ең негізгі шектеу шараларының бірі – қоғамдық көлік қозғаласының тоқтатылғаны болды.

Осыған орай қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ақпараттық-комуникациялық орталықта баспасөз жиынын өткізіп, мұндай шектеу шараларының не үшін қабылданғанын түсіндіріп берді. Өз кезегінде ол «Қазіргі таңда ауруды алдын алу – басты талап. Ал қоғамдық көліктер COVID-19 вирусының таралу ошағы болуы әбден мүмкін. Себебі, автобустарға мініп-түсіп жатқан адамдардың барлығын бақылау мүмкін емес. Және олардың барлығы алшақтық талаптарын сақтай беруі де ғажап емес. Бұл ретте сарапшылардың пікірі де ескеріліп, олардың қозғалысын уақытша тоқтату туралы шешімге келдік», — деді.

Бірақ төтенше жағдай кезінде енгізілген карантинге қарамастан күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқан медицина мекемелері бар. Ондағы қызметкерлердің барлығында жеке көліктері бар бола бермейтіні анық. Жергілікті билік осы жағдайды ескере келе, медициналық мекеме қызметкерлерін тасымалдау үшін арнайы 106 автобусты арнайы бағытқа шығарған.

Сондай-ақ, қала аумағында орналасқан Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық мекеме қызметкерлерін тасымалдау үшін 28 автобустың қызмет етуін жолға қойған. Бұдан бөлек, қаламыздағы 21 ірі өндіріс орнының қызметкерлерін тасымалдауға 90 көлікті қарастырған.

Шымкентте адамдардың бей-берекет жүруіне шектеу қойылған. Бірақ тұрғындардың денсаулығына байланысты емханаларға, ауруханаларға баруына рұқсат етілген. Осындай жағдайда азаматтар бет алған бағытына қоғамдық көліксіз қалай жетеді? Бұл сұраққа Мақсұт Пернебайұлы «Қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастыра береді. Бірақ олардың 2 адамнан артық жолаушы алуына болмайды. Тіркелмеген таксилерге рұқсат жоқ. Тасымалдаушы компания басшыларына бағаны қиын-қыстау күндері көтермеу бойынша ұсыныс айтылды», — деді. Сонымен қатар ол, қабылданған шаралардың барлығы қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың денсаулығы үшін қолға алынып отырғанын баса айтты.

Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбіде қалалық бас санитариялық дәрігері карантин режимін күшейту туралы қаулы шығарды. Соған сәйкес, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қызметі онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» принципі бойынша көшіру арқылы уақытша шектелді. Жасы 65-тен асқан азаматтарға және 18 сегіз жасқа толмағандарға тұрғын үйден ересек адамның сүйемелдеуінсіз шығуына тыйым салынды.