ҚАЛАҒА КЕЛГЕНДЕР КАРАНТИНДІК ОРТАЛЫҚҚА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкентте 2 карантиндік орталық құрылды. Енді аталған орталықтарда коронавирус індеті бойынша карантинге қабылданған азаматтар жатқызылатын болады.

 

Бұдан бөлек қалада карантиндік азаматтарды қабылдау үшін жұқпалы аурулар ауруханасы және 2 провизорлық стационар жұмыс істеуде. Бұған қоса 2-ші реабилитациялық орталықта 110 төсек орын бар.

Жаңадан құрылған карантиндік орталықтар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне қарасты №4, 5 жатақханасында дайындалған. №5 жатақхана «Нұрсәт», ал №4 жатақхана «Отырар» шағынауданында орналасқан.

Қала әкімі жатақханалардағы медициналық бекеттердің жабдықталуы мен тұрмыстық жағдайларының мүмкіндігімен танысты. Айта кетейік, №5 жатақхана 240 орынға және №4 жатақханада 350 орынға лайықталған. Бұл екі жатақхана да мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова карантиндік орталыққа қабылданатын азаматтар үшін тиісті жағдайлардың барлығы қаралғанын мәлімдейді. Сонымен қатар ол, карантиндік станционарға коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында басқа өңірлерден жұмыстан оралған қызметкерлер мен шетелден келген азаматтар орналастырылатынын айтты.

Олар медициналық ұйымда дәрігерлердің қатаң бақылауында болады. Қажетті сынамалар тапсырады. Екі күндік медициналық бақылаудан кейін жұмысшылардың анализ сынамалары теріс нәтиже көрсетсе, серіктестік жұмысшылары карантиндік стационардан үй карантиніне жіберіледі. Он екі күн бойы үй карантинінде жүретін оларды жергілікті емханадағы медицина мамандары бақылайтын болады.

Қазіргі таңда қала бойынша 500-ден астам адам карантиндік және провизорлық төсек орында жатыр. Ал 670 адам үй карантинінде отыр.