ЖОЛ САПАСЫ ЖҰМЫС БАРЫСЫНДА ЗЕРТТЕЛЕДІ
Шымкентте бүгінге дейін жол құрылысының сапасы нысан аяқталғаннан соң ғана тексерілетін. Енді мұндай жүйе жойылды. Қазір жолға төселіп жатқан асфальт жабындысының сапасы құрылыс кезінде бақылауға алынатын болды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. Жасыратыны жоқ жол құрылысы кезінде «мемлекет бөлген ақшаны үптеп кету» деректері жетерлік. Орын алған олқылықтар қалпына келтірілгенмен бұл жалпы нысанның сапасына сызат түсіретіні анық. Мұны реттеу мақсатында сапаны жобалық-сметалық құжатта көрсетіліп жатқан талаптарға сай болуын қадағалау құрылыстан соң емес, жұмыс барысы кезінде бақылауға алу жолға қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Жол активтер сапасы орталығы» мекемесінің Шымкенттегі филиалы атқарады. Өз кезегінде оның директоры Мұхтар Дүйсенбеков «құрылыс жүріп жатқан кезде жұмыстың сапасын тексеруге қазір мүмкіндік туды. Бұл үшін жылжымалы зертханалар бар. Заманауи бұл құрылғылар олқылықты дер кезінде анықтап, кемшілікті көзге көрсетіп береді», — дейді. Қала әкімі Мүрат Әйтенов аталған орталыққа жол құрылысы жұмыстарының сапалы болуын қамтамасыз етуде мінсіз еңбек үлгісін көрсетуді сұрады.
Жалпы, биыл Шымкентте 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрықтың құрылысы жүруде. Бұл үшін бюджеттен 25,6 млрд. теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. қаржысы республикалық, қалған 20,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған.