ОНЛАЙН КРЕДИТ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ОҢАЛТПАЙДЫ
Карантин режимі талай жұртты қыспаққа алды. Қазіргі таңда кіріс көзінің төмендеуін отбасы былай тұрсын, алпауыт компанияларда бастан кешіруде.
Осыған орай ақшадан тарыққан біраз азаматтар интернет арқылы онлайн кредит рәсімдеуді тығырықтан шығудың оңай жолы көріп жүр. Бірақ онлайн кредит алу оңай болғанмен, оны төлеп құтылу қиынға соқтырады. Өкінішке орай мұны несие рәсімдеп жатқан біраз жұрт дәл қазір түсініп отырған жоқ.
Осы аптада Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов адамдарды үйден шығармай-ақ, кредит беретін онлайн компаниялардың халықтың шарасыздығын пайдаланып отырғанын айтып, дабыл қақты. Оған дәлел ретінде бірнеше фактілерді атап өтті. Халық қалаулысы қазақстандықтарға жоғары пайызбен қарыз беріп жатқан онлайн кредиттеу компанияларын тез арада тексеруді ұсынды. Ол Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында «Төтенше жағдай мен карантинге байланысты табысынан айырылған көптеген азаматтар тұтыну кредитін алуға мәжбүр болып отыр. Микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, үйден шықпай-ақ, интернет арқылы кредит беретін онлайн компаниялар халықтың шарасыздығын пайдаланып, жоғары пайызбен несие рәсімдеуде. Интернет арқылы ешқандай құжатсыз дәл сол сәтте кредит беретіндер қаптап кетті»,-деді.
Сонымен қатар ол, онлайн кредит рәсімдейтін компаниялар заң талаптарын белден басып, тұтынушылар құқығын бұзып жатқанын нақты мысалдар арқылы жеткізді. Оның сөзінше Азаматтық кодексте жеке тұлғаларға барлық комиссияны есепке алғанда жылдық тиімді ставкасы 100% асатын қарыз беруге тыйым салынғаны тайға таңба басқандай етіп көрсетілсе де, онлайн кредиттеу компаниялары жылдық мөлшерлемесі 100% асатын қарыз беруді жалғастырып келеді. Депутат осы олқылықты біле тұра қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еш шара қабылдамай отырғанына таңданысын жасырмады.
Азаматтарға еш кідіріссіз берілетін онлайн кредит беру қызметімен айналысатын компаниялардың қитұрқы әрекеттерін осылай деп ашып көрсеткен депутат үкімет пен тиісті агенттікке олардың қызметін тексеруді ұсынды. Сонымен қатар ол, жылдық тиімді ставкасы 100% асатын қарыз келісім шарттарын жарамсыз деп тану қажеттігін талап етті.
Қазіргі таңда елімізде онлайн кредиттеу қызметін ұсынатын 10 компания бар.
Депутаттың бұл уәжінен соң онлайн кредиттеу қызметімен айналысатын компаниялардың халықты «он орауының» тоқтауы немесе бұл талап жәй ғана сөз болып қалатыны уақыттың еншісінде қалдырғанымыз жөн секілді.
Қ . ҚАЛИЕВ.