ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАБІЛЕТІ БАР АЗАМАТТАР КАРАНТИН ҚАМАУЫНДА ОТЫРМАУЫ ТИІС
Құрылыс жұмыстарынан хабары бар, қолынан іс келетін азаматтар карантин қамауында отырмауы тиіс. Керісінше олар қалада бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс жұмыстарына қатысып, ырыздық тапқаны абзал. Себебі қазіргі таңда құрылыс компаниялары жұмысшы мамандарының жетімсіздігін сезініп отыр. Ал тиісті мердігер мекемелер мен сала мамандары олардың қауіпсіздігіне баса мән беруі тиіс.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шымкент сити» шағынауданында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысу кезінде жауапты басшыларға осылай деді.
Қала басшысының назарына ұсынылған нысанның бірі француз стилінде салынған 16 қабаттан тұратын 4 тұрғын үй құрылысы. Құрылысын «Отау Строй» компаниясы жүргізіп жатқан нысандардың негізгі бөліктері аяқталған. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің ішін жөндеп, қасбеттерін қаптау жұмыстары жүруде. Барлығы 360 пәтерден тұратын тұрғын үй құрылысына 3 млдр. 955 млн. теңге қаралған. Қала басшысы мердігер мекеме компаниясының бас инженері Абжат Акимовқа ерекше нақышта бой көтерген тұрғын үйлерді 19-маусым – Қала күні қарсаңында тапсыруды ескертті.
Қаланың негізгі жобаларының бірі – «Шымкент сити» шағынауданының жалпы аумағы 427 гектарды құрайды. Шағын аудан 12 орамға бөлінген. Соның ішінде 1-орамда 27 млрд. теңгеге 43 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 39-ы тұрғын үй болып табылады.
Бүгінде ауданда 23 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілген. Онда барлығы 1290 пәтер бар. Осы жылдың тамыз айында 1048 пәтерлі 16 кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бүгінде үшінші мегаполисте барлығы 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ондағы пәтерлер саны 14 мыңға жуықтайды. Ал аумағы 1 миллион шаршы метрді құрайды.
Ағымдағы жылы 107 көпқабатты тұрғын үй немесе 6 213 пәтер пайдалануға беріледі.
Тұрғын үй құрылыс нысандарын аралып көрген қала басшысы мердігер мекемелерге жұмыстарды тиісті мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар ол, құрылыс қарқынды жүруі үшін жұмыс қолын тартуды, ал жауапты тұлғаларға қалада құрылыс материалдарының тасымалдануына ешқандай кедергі болмауы қажеттігін тағы да ескертті. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын босататын көтерме қоймаларда да тиісті жағдайлар қарастырылғанын атап өтті.