ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ 1290 МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ҮСТЕМЕАҚЫ ТӨЛЕНДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында коронавирус індеті бойынша аурулармен тікелей байланыста жүрген 30 мыңға жуық медицина қызметінің еңбегіне баса көңіл бөлуді тапсырған болатын.

Одан алдын Президент COVID-19 індетімен күрес бойынша алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылардың ай сайынғы еңбекақыларына үстемеақы төлеу туралы тапсырма берген болатын. Сол тапсырма аясында республика бойынша 16500 медициналық қызметкерге 3,2 млрд. теңге төлемақы төленген. Оның ішінде 1290 медицина қызметкері Шымкент мамандары болып табылады.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр қалалық денсаулық сақтау басқармасында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Осыған орай Шымкентте індетпен күрес шараларының бел ортасында жүрген бірінші санаттағы 24 қызметкерге төленетін үстемеақы үшін 8,7 млн. теңге бөлінді.

Ал провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіретін екінші топтағы 845 медицина мамандарының үстемеақысы үшін 258,3 млн. теңге қаралды.

Үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 421 медицина ұйымының қызметкеріне 51,3 млн. теңге бағытталды. Үшінші санаттағы мамандар қатарына карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары жатады.