ШЫМКЕНТ ОҚУШЫЛАРЫ ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ АЛУҒА ТЕЗ БЕЙІМДЕЛУДЕ

 

Үшінші мегаполистің оқушылары қашықтықтан білім алу форматына тез бейімделуде. Қазіргі таңда қаладағы 172 мектептің 222 мыңнан астам оқушысына қашықтан білім беру жүйесі қолжетімді. Оқушылардың 96,7 пайызы компьютер, смартфон, планшет сынды электронды құрылғылармен қамтылған болса, қалған 3,3 пайызы яғни, 7 424 оқушы білімді телеарналар арқылы алуда.

 

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Бүгінде Kundelik.kz, «І mektep», «Bilimland.kz», «Daryn.online» және т.б. интернет платформаларда білім алу бойынша шымкенттік оқушылар алдыңғы қатардан көрініп отыр. Ал бұл жүйелерді тиімді қолдану жағынан Шымкент ұстаздары республика бойынша екінші орыннан көрінуде. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен мұғалімдер «zoom», «google class», «edu page» бағдарламаларын да тиімді қолдануда.

Барлық мұғалімдер оқушылармен WhatsApp желісі арқылы кері байланыс орнатуда.

Жоғарыда Шымкентте барлық оқушылар саны 222 мыңнан асатынын айтып өттік. Оның ішінде инклюзивті білім берілетін оқушы саны – 827-ні құрайды. Қазіргі таңда олардың 702-не WhatsApp мессенжері арқылы оңалту сабақтары жүргізілуде. Қалған 125-і денсаулығына байланысты ата-аналарының өтініштері негізінде оңалту сабақтарынан босатылған.

Қала бойынша мектеп оқушыларына дәрісті қашықтан білім беру форматы бойынша жүргізіп отырған 17 253 мұғалімнің барлығы да электронды құрылғылар мен интернет желісімен қамтамасыз етілген.

Шымкент қалалық білім басармасының басшысы Жанат Тәжиева білім беру сапасын барынша жақсарту мақсатында ата-аналармен онлайн байланысқа шығып, олардың сұрақтарына тікелей эфир арқылы жауап беруде. Сонымен қатар ұсыныс пікірлерін де назарға алуда.

Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне орай білім саласы бойынша атқарылатын жұмыстардың сапасын барынша жақсарту мақсатында қалалық білім басқармасы жанынан байланыс орталығы (Жұмыс телефоны — 8 7252 39-49-26, WhatsApp, телеграмм: +7 702 770 16 00, +7 701 158 05 55, +7 702 253 96 47, +7 701 131 41 31) құрылғанын да айта кетейік.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавируспен күрес жұмыстары бойынша алдыңғы шепте жүргені үшін үстемеақы алатын бірінші санаттағы мамандар айлығына қоса есептегенде шамамен 1 млн, теңгенің үстінде жалақы алатынын, ал екінші санаттағылар — 600 мың, үшінші санаттағылар — 380 мың теңге алатынын мәлімдеген-тін.