САПҚА ҚОСЫЛҒАН 100 САРБАЗ САНИТАРЛЫҚ ШАРАҒА ҚАТЫСАДЫ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 2-сәуірінде ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойған болатын. Аталған Жарлыққа сәйкес еліміздегі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен бірқатар облыстардан 473 әскери міндетті арнаулы әскери жиынға шақырылды.

Өз кезегінде олар блок-бекеттер мен елді мекендердегі қауіпсіздік шараларына қатысып, санитарлық өңдеу жұмыстарына жұмылады. Сонымен қатар, көктемде болуы мүмкін су тасқынының алдын алу шараларына араласады. Арнайы жиынға шақырылған әскери міндеттілердің 100-і шымкенттік сарбаздар болып табылады.

Президенттің әскери міндеттілерді елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты өткізілетін арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлығынан соң, Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қатары көп болды. Өз кезегінде олар қалалық әскери комиссариатқа барып, арнайы жиындарға қатысуға ниет білдірді. Оған дейін еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «қанша адамның қажет екенін әрі әскери жиынға қабылдау мерзімін жергілікті әкімдер шешеді»,- деп мәлімдеген болатын. Соған сәйкес Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен 300-ге жуық еріктілердің ішінде әскер қатарына 100 азамат іріктеліп алынды. Олардың аумақтық әскерлер қарулы күштеріне қабылдау күні 13-сәуірге жоспарланды.

Шымкенттегі 100 ерікті сарбаздың аумақтық әскерлер қарулы күштерінің құрамына кіруі жиынына қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков қатысты. Ол «Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Олар 13-сәуір мен 14-мамыр аралығында сол аудандардағы залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Оларды тасымалдау мен тамақтандыру мәселесі толық шешілген. Сонымен қатар олар, медициналық қамсыздандыру секілді барлық әлеуметтік жеңілдікпен қамтамасыз етіледі», — деп, еріктілердің алдағы жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.

Әскери қызметші мәртебесін алған ол азаматтар 13-сәуір мен 14-мамыр аралығында өтетін арнайы жиындардың бел отасында жүретін болады. Сапқа алынған сарбаздар 18-бен 35 жасқа дейінгі азаматтар болып табылады.

Әскерге баруға өз еркімен келіскен бұл азаматтар әзірге аудандарды залалсыздандыру жұмыстарын атқарады. Бұл бағыттағы міндеттер таңғы 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Химиялық сұйықтық құйылған 25-30 келі болатын құрылғыны арқалап, таңнан кешке дейін залалсызданыру жұмыстарын жүргізу үлкен жауапкершілікті міндет екені белгілі. Сарбаздарға артылған міндеттің оңай емес екенін терең түсінген қала тұрғындары 100 әскери міндеттілердің ата-аналарына алғыс білдірді.

Бұдан бөлек, еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери жиынға қатысқандардың жұмысы мен лауазымы сақталатынын және оларға мемлекет есебінен орташа жалақы берілетінін, ал жиынға дейін жұмыссыз болғандарға ең төменгі еңбекақы (42500 теңге) берілетінін мәлімдеген. Сондай-ақ, министр әскери жиынға сарбаздар күндіз жұмысқа барғандай қатысатынын, ал кешке үйге оралатынын да тілге тиек еткен.

Сөз соңында қорғаныс, қауіпсіздік пен құқық қорғау саласында мемлекеттік қызметтегі тұлғалар, мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияның қызметкерлері, егіс және оны жинау кезеңінде ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс істейтін тұлғалар, оқу жылы кезеңінде күндізгі оқу нысанындағы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері, білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитындар, әскери міндетті әйелдер, үш және одан да көп баласы бар 18 жастағы адамдар арнайы жиындарға шақырылмайтынын айта кетейік.