ТАРИФТЕР БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕДІ
Шымкентте төтенше жағдайға орай бірқатар коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополиялар субъектілері коммуналдық тарифтер бағасын бірнеше пайызға төмендетті. Өз кезегінде бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың 23-наурызында коронавирустық инфекциямен күрес жағдайына арналған жиында берген тапсырмаларын орындау аясында қолға алынды.
Шымкент қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті таратқан деректерге сүйенсек, енді ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап тұтынушылар «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1 текше метр су үшін 88,17 теңге емес, 83,75 теңге төлейтін болады. Осылайша тіршілік көзі үшін төлем құны 5 пайызға төмендеп отыр. Ал су бұру қызметі 35,13 теңгеден 33,38 теңгеге дейін немесе 5%-ға арзандады. «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ыстық сумен жабдықтау қызметінің тарифін есептеу құралдарымен қамтылмаған жеке тұлғаларға 1 адамға 736,53 теңгеден 662,88 теңге, есептеу құралдарымен қамтылғандар үшін 1 текшеметрге тарифті 230,16 теңгеден 207,14 теңгеге дейін белгілеп отыр.
Сонымен қатар, «Таскудык Бак» серіктестігі тұрғындарды сумен жабдықтау қызметінің тарифін 70,99 теңгеден 67,44 теңгеге дейін түсірсе, «Женис Т» ЖШС тауарлық газды тасымалдау қызметін 3720,98 теңгеге дейін арзандатты. Оған дейін тариф құны 3916,82 теңге болатын. «Сайрам су» ЖШС сумен жабдықтау қызметі үшін тариф құнын 5 пайызға төмендетті. Соған сәйкес, бір текше метр су бағасы 72,08 теңгеден 68,48 теңгеге дейін түсті.
Тарифтер бағасын төмендету төтенше жағдай кезінде тұтынушылардың қаржылық жүктемесін азайту мақсатында қолға алынғанын айта кетейік.